Айбек Дәдебай Президент әкімшілігінің басшысы лауазымынан босатылды.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Айбек Арқабайұлы Дәдебай басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы лауазымынан босатылды", — деп жазылған хабарламада.

Айбек Дәдебай 1980 жылы 1 сәуірде Алматы қаласында туған. 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған. 2003 жылы осы университеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін мынадай қызметтер атқарған:

2001-2002 жылдары Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Халықаралық туризм менеджменті кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеген;

2008-2011 жылдары — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты төрағасы көмекшісінің міндетін атқарушы;

2011-2013 жылдары — Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігінің үшінші хатшысы, атташе;

2013-2019 жылдары — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі;

2019-2021 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесі бастығының орынбасары;

2021 жылғы мамыр мен 2022 жылғы қаңтар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары болып жұмыс істеді.

2022 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы болды.

2024 жылы 6 ақпанда Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.