«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының қызмет ету мерзімі 2053 жылға дейін ұзартылды. Арнайы экономикалық аймақтың аумағы мен даму бағыты кеңейді.
Кеме жөндеу, киім-кешек, жиһаз және ағаш өнімдерін шығару сынды 23 бағытпен толықты. Қабылданған шешімдер Каспий жағалауындағы теңіз инфрақұрылымын дамытып, логистиканы күшейтіп, арнайы экономикалық аймаққа инвестиция тартуды көздейді.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағындағы ауқымды жобаның бірі – контейнерлік хабтың құрылысы. Қазір әкімшілік ғимарат, бақылау пункті, өртке қарсы нысандар салынып, инженерлік желілер тартылды. Іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы көктемде толық қолданысқа беріледі. Контейнерлік хаб аумағында рельс арқылы қозғалатын қуатты екі кран орнатылған. Әрқайсысы салмағы 40 тоннадан астам контейнерді көтере алады.
Қайрат Қалиолла, Ақтау халықаралық контейнерлік хабы бас директорының орынбасары:
- Хабтың жалпы аумағы – 19 гектар. Мұнда контейнерлерді өлшеу, сертификаттау және жөндеу сияқты қосымша қызметтер көрсетіледі. Жоба толық аяқталғаннан кейін контейнерлік хабтың жылдық өткізу қуаты 240 мың жиырма футтық эквивалентке жетеді.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының қызмет ету мерзімі 2028 жылдан 2053 жылға дейін ұзартылды. Логистиканы күшейтіп қана қоймай, жаңа салаларды іске қосу да жоспарланып отыр.
Гүлмира Әбішева, «Ақтау теңіз порты» АЭА атқарушы директоры:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағының аумағы үш есе өсті. 2800 гектардан 9800 гектарға дейін. Оның құрамына Ақтау халықаралық әуежайы, «Саржа» логистикалық хабы, «Кендірлі» туристік аймағының бірінші кезеңі, Жаңаөзендегі өндірістік алаңы, Ақтаудағы туризмге арналған жерлер осы АЭА-ның құрамына енді. Бұл әрине өз кезегінде жаңа өндіріс орындарының ашылуына, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының көбеюіне мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында 15 жаңа инвестициялық жоба басталды. Осының арқасында өндіріс пен логистиканы дамытуға 121 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылады. Сондай-ақ 2 мың жаңа жұмыс орыны құрылады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев