Қазіргі заманда ғылым мен білімнің дамуы – ел болашағының басты кепілі.

Қазір Қазақстанда жас зерттеушілердің жаңа толқыны қалыптасып келеді, олар заманауи тақырыптарды зерттеп, қоғамның өзекті мәселелеріне жауап іздеуде.

Осы ретте Caravan.kz медиа порталы әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің PhD докторанты, жас ғалым, Maqsut Narikbayev University халықаралық журналистика мектебінің оқытушысымен сұхбаттасты. Әңгіме барысында жас ғалым ғылымдағы алғашқы қадамдары, кездесетін қиындықтар мен жастардың ғылыми ізденіске қызығушылығын арттыру жайында өз ойын айтты.

Алмабек Ерболатұлы, журналистика саласын ғылыми тұрғыда зерттеуге, оқуыңызды әрі қарай PhD докторантурада жалғастыруға не түрткі болды?

— Негізі бастапқыда, нақтырақ айтсам, 2023 жылы журналистика мамандығы бойынша магистратураны тәмәмдағаннан кейін бірден PhD оқимын деген ой болған жоқ. Десе де сол жылы ұстаздық жолым басталды. Астана қаласындағы Maqsut Narikbayev University-де оқытушылық қызметке кірістім. Студенттерге сабақ берген 1 жыл ішінде өзімді болашақта академиялық, ғылыми ортада көретінімді түсіндім. Сол себепті өткен жылы академиялық білімімді толықтырып, нақты бір тақырып төңірегінде зерттеу жасап, жас ғалым ретіндегі потенциалымды одан әрі аша түсу үшін PhD докторантураға түстім. Журналистика мамандығы бойынша бакалавр және магистратурада білім алғаннан кейін дәл осы салада оқуымды жалғастыру аса бір қиындық тудырған жоқ. Бүгінде ақпараттың рас өтірігін тексеру, жаңалықтардың сұрыпталуы, адамдардың жалған ақпаратқа сенуі деген тақырыптар аясында зерттеу жұмысымды жүргізіп жатырмын.

Бүгінде өзіңіз секілді жас ғалымдардың ең үлкен мотивациясы мен кедергісі не деп ойлайсыз?

— Меніңше бүгінгі жас ғалым үшін ең басты қиындық — өзінің жүргізіп жатқан зерттеуіне күмәнмен қарауы. Себебі, басқа да ғалымдардың, шетелдік зерттеушілердің жұмыстарымен салыстырғанда өзгешелік байқалып жатады. Оған техникалық базалардың алуантүрлілігі де әсер етеді. Мен зерттеу жүргізетін сала әлеуметтік ғылым болғаннан кейін көбіне сауалнама аламыз, фокс топ құрып, оны бақылаймыз. Осылардың барлығы уақытты талап етеді. Сәйкесінше сол уақыт аралығында ғалымның да мотивациясы да төмендеуі мүмкін. Бірақ, егер зерттеуші ғылымға нақты мақсат, қызығушылықпен келетін болса, міндетті түрде нәтижеге қол жеткізеді деп ойлаймын. Зерттеушіге өзі таңдаған сала мен тақырып қызық болса, ешқандай кедергі оған қиындық тудыра қоймайды. Одан кейін жас ғалымға керек тағы бір дағды — тұрақтылық. Іс-әрекет тұрақты болған кезде ғана зерттеу де ойдағыдай болады. Келесі мәселе — көп оқу және жазу. Мен де, замандас жас ғалымдар да өз саламыз бойынша отандық және шетелдік зерттеушілерді көп оқып, бақылауымыз керек. Сондай-ақ, зерттеуші ғалым үшін орта өте маңызды. Алған ақпаратты бірге талдайтын, талқылайтын, бөлісетін орта болу керек. Себебі, талданған, ортаға салған дүние өзгеше сипат алады. Ой бөлісетін, иде алмасатын академиялық орта болғаны абзал.

PhD докторант ретінде жарық көріп үлгерген еңбектеріңіз бар ма?

Қазіргі уақытта өзімнің зерттеу тақырыбым аясында жалған ақпарат туралы бірнеше мақалам жарық көрді. Солардың бірінде Factcheck.kz сайтында what’s up кілт сөзі арқылы ізделген мақалаларды, олардың таралу форматы және ол ақпаратқа аудитория қаншалықты сенді деген мәселені зерттедім.

Қазір қоғамда ғылымның рөлі қандай және жастарды ғылымға қалай қызықтыруға болады?

— Қазіргі қоғамда ғылым — елдің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі қозғаушы күші. Ғылымсыз ешбір сала алға баспайды. Технология, медиа, білім бәрі де ғылыми ізденіс пен жаңалыққа сүйенеді.

Ал жастарды ғылымға қызықтыру үшін ең алдымен ғылымды өмірмен байланыстыру керек деп ойлаймын. Егер студент өз зерттеуінің қоғамға пайдасы бар екенін көрсе, ғылымға шын ниетпен келеді. Біз жастарға “ғалым болу — әлемді өзгерту мүмкіндігі” екенін түсіндіре алсақ, ғылым ешқашан екінші орында қалмайды.

Әңгімеңізге рақмет!