Қостанайда «Кіа Қазақстан» автомобиль зауыты ашылды.
Мемлекет басшысы телекөпір арқылы бірегей жобаның тұсауын кесті. Өз сөзінде Президент бұл еліміздегі машина жасау саласын дамытудағы маңызды қадам екендігін атап өтті. Жаңа зауыт әлемнің озық технологиясы, цифрлық басқару жүйесі және жасанды интеллектпен жасақталған.
Бас-аяғы екі жылдың ішінде Қостанай қаласындағы индустриалды аймақта тақыр жерде алып өндіріс орыны бой көтерді. Автозауыт қалыпты жұмыс істеуі үшін, 44 шақырым инженерлік жүйе, автокөлік, темір жол желісі тартылды.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Осы ауқымды жоба Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен, ел Үкіметінің қатысуымен жүзеге асты. Зауытта 1500 тұрақты жұмыс орыны ашылады. Және заманауи жаңа зауыт күрделі автоматтандырылған жүйені басқара алатын кәсіби мамандарды қалыптастырады.
Автозауытты кадрмен қамтасыз ету мәселесі өңірде ерте бастан қолға алынды. Қазір облыстағы 10 колледж машина жасау саласының мамандарын дайындайды. Сонымен қатар Қостанай мемлекеттік университеті Кореямен бірлесіп, автомобиль өнеркәсібінің инженерлерін дайындауға кірісті. Сол оқу орынын үздік бітірген жас маман Әмір Қараев бүгінде Кіа зауытында жұмыс істейді.
Әмір Қараев, KIA Qazaqstan инженері:
- Өз мамандығымды таңдаған сәттен осындай заманауи, үлкен өнеркәсіпте жұмыс істеуді армандадым. Озат оқуымның жемісі жұмысшы мамандықтар жылында ашылып келе жатқан Қазақстан зауытында инженер болып, жұмыс істеймін. Бұл жерде әлемдік тәжірибені үйреніп, жаңа технологияларды меңгеріп жатырмын.
Кіа зауыты әлемдік деңгейдегі жоғары технологиялы өндіріс орыны. Кәсіпорында 70-ке жуық робот бар. Бір сөзбен айтқанда жұмыс ауқымының 60 проценті автоматтандырылған жүйемен атқарылады. Болашақта автоөндіріске қажетті босалқы бөлшектерді де өзімізде өндіру ісі қолға алынбақ. Сол үшінде 30 мың шаршы метрлік оқшаулау орталығының құрылысы жүріп жатыр.
Ким Де Ки, Kia Qazaqstan бас директоры:
- Өндірісті жергіліктендіру үшін Кореядан автобөлшектер шығаратын кәсіпорындарды шақырдық. Сондай-ақ Glovis логистикалық компаниясы да осында келуге ниетті. Мұның бәрі Қазақстанның және Қостанай облысының экономикалық дамуына серпін берері сөзсіз.
Кіа зауыты жылына 70 мың автокөлік шығаруға қуатты. Осы жобаның жүзеге асуымен өңірде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 47 процентке жуықтайды деген болжам бар.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг