Қарағандыдағы профессор Хафиз Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың нейрохирургия бөлімінде елімізде тұңғыш үлгідегі миға операция жасайтын робот-хирург жұмысын бастамақ. Құрылғы жергілікті бюджет есебінен сатып алынған және алдағы уақытта ресми түрде іске қосылады.

Робот жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Ол миға миллиметрден кіші дәлдікті қажет ететін ең күрделі операцияларды атқара алады. Бұл технология дәрігерлерге науқастардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беріп, жылына шамамен 300 операция жасауға жол ашады. Мұнымен қатар робот тек хирургиялық көмекші емес, медициналық деректерді талдайтын интеллектуалды жүйе ретінде де қолданылады. Оның арқасында науқастардың ауруханада жату мерзімі қысқарады, ал операциялардың қауіпсіздігі мен тиімділігі артады. Жаңа техниканы меңгеру үшін Қарағанды дәрігерлері Қытайда арнайы оқудан өтіп, роботтық хирургияның заманауи әдістерін үйреніп келді.

Еркін-Дәуір Құрманғалиев, Х. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың директоры:

- Бұл робот Паркинсон ауруы, эпилепсия, ми ісіктерін алып тастау сияқты күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар операция уақыты азайып, жеңіл өтеді. Науқастар жылдам сауығады. Бұрынғыдай ауруханада ұзақ жатпайды.