Мексикада бірнеше күн бойы толассыз жауған нөсер жауын мен тропикалық дауылдардың салдарынан су тасқыны болды. Ел билігі 64 адамның мерт болғанын, тағы 65 тұрғынның хабарсыз кеткенін растады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мексиканың бірнеше штатында табиғи апат салдарынан жағдай ушығып тұр. Ұлттық азаматтық қорғау үйлестіру басқармасының (CNPC) мәліметінше, «Присцилла» және «Раймонд» тропикалық дауылдары тудырған нөсер жаңбыр өткен аптадан бері толастамай, көптеген елді мекендерді су басқан.

Ең ауыр жағдайлар Веракрус, Пуэбла, Идальго, Керетаро және Сан-Луис-Потоси өңірлерінде тіркеліп отыр. Бұл аймақтарда мыңдаған тұрғын үйлерінен айырылып, жүздеген адам эвакуацияланған.

Мексика президенті Клаудия Шейнбаум Ұлттық сарайда өткен баспасөз жиынында апат аймақтарына көмек көрсету жұмыстары күшейтілгенін хабарлады. Оның айтуынша, іздестіру-құтқару топтары үздіксіз еңбек етіп, тұрғындарға азық-түлік, ауызсу, киім және дәрі-дәрмек жеткізіліп жатыр.

Жергілікті БАҚ деректеріне қарағанда, бұл соңғы жылдардағы ең ауқымды су тасқыны болып отыр. Табиғи апаттан 250 мыңнан астам адам зардап шегіп, 50 мыңға жуық тұрғын үй зақымданған.