Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің алдағы жылдарға арналған даму стратегиясын айқындайтын бағдарламалық құжат. Мұнда үш жыл ішінде елімізді толыққанды цифрлық елге айналдыру мақсаты қойылды.

Президент ауқымды цифр­ландыру және жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу экономиканы жаңғыртудың негізі екенін атап өтті. Осыған байланыс­ты Цифрлық кодексті қабылдауды жеделдетіп, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру ұсынылды.

Үкіметке өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығынан бастап білім мен денсаулық сақтау саласына дейінгі барлық негізгі салада жасанды интеллектіні толық енгізуді қамтамасыз ету жүктелді. Бұл тиімділікті арттырып қана қоймай, сапалы жаңа жұмыс орындары мен экономикалық тауарларды құруға мүмкіндік береді.

Инвестициялық саясат, Ұлт­тық қордың рөлі және цифрлық активтердің экожүйесін қалыптас­тыру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Жарияланған бағыт шикізатты терең өңдеуге және ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталған. Мен энергетикамен байланысты адам ретінде Президенттің осы саладағы бастамаларын ерекше бағалаймын.

Мемлекет басшысы еліміз қазірдің өзінде энергия көздерін ауқымды жаңғыртуды қолға алғанын атап өтті. Алдағы бес жылда 6,3 ГВт жасыл энергияны енгізу жос­пар­ланып отыр. Бұл елдің жалпы энергетикалық балансындағы үлесін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Атом энергетикасын дамытуға да баса назар аударылады: екінші және үшінші атом электр стансасының құрылысын жоспарлауды бастау ұсынылады. Энергетикалық көшу – өз алдына мақсат емес, тұрақты даму құралы. Еліміз бұл бағытта энер­гетикалық жүйенің нақты мүмкіндіктері мен мем­лекеттің ұзақмерзімді мүдде­ле­ріне сүйене отырып алға жылжиды.

Экологиялық мәселелер де назар­дан тыс қалмады. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі мәселе­сіне де ерекше көңіл бөліну керек. Президент ШЫҰ аясында Су мәселелерін зерттеу орталығын құруды, сондай-ақ бүкіл өңірдің экологиялық қауіпсіздігі үшін аса маңызды Каспий теңізінің су ресурс­­­тарын сақтаудың мемлекет­ара­лық бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Жолдауда әлеуметтік мәсе­лелер, ғылым, білім, мәдениет және өнердің жасанды интеллект контекс­інде дамуы да көрініс тапты. Бұл адам капиталы болашақтың басты құнды­лы­ғы мен тірегі екенін айқын аңғартады.

Жолдаудың маңызды бөлігі – парламенттік реформа туралы бас­тама. Президент алдағы уақытта елімізде жаңа реформа мен бір палаталы Парламент құрылатынын мәлімдеді.

«Бұл реформа азаматтық сек­­торда, сарапшылар қауым­дас­тығында және қазіргі Пар­ла­ментте егжей-тегжей талқы­­лау нысанасына айналуға тиіс. Рефор­маның ерекше сипатын еск­ере отырып, талқылау кем деген­де бір жылға созылады, содан кейін 2027 жылы жалпыхалықтық референдум өткізіліп, содан кейін Конституцияға қажетті өзгерістер енгізілуі мүмкін деп ойлаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бір палаталы Парламент құру қажеттігі туралы жалпы шешім қабылданса, мұндай Парламент партиялық тізім бойынша сайланады. Әрине, Жолдауда айтылған барлық бастама жүйелі заңнамалық қолдауды қажет етеді. Бірақ ең бас­тысы, бағыт анықталды. Яғни әділдікке, тұрақтылыққа және тех­но­­логияға бағытталған жол. Біз ел дамуының жаңа кезеңінің табал­дырығында тұрмыз. Алда жұмыс көп. Еліміздің жасанды интеллект дәуіріне лайықты енуіне және аймақтың цифрлық көшбасшысы болуына мүмкіндік жеткілікті.

Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ,

Мәжіліс депутаты