Қырғызстанмен шекаралас Кеген ауданында туристік тау кластері құрылуы мүмкін.
Бұл туралы Алматы облысының әкімі ауданға жұмыс сапары барысында айтты. Сапар кезінде халықпен кездесіп, жолдарды жөндеу, әлеуметтік нысандарды ашу және шекаралық аймақта туризмді дамыту мәселелерін көтерді.
Алматы облысында халықаралық деңгейдегі шаңғы кешені салынады. Өңір басшысы Кеген ауданында туристік инфрақұрылымды дамыту мәселесін көтерді. Президент жолдауында Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризмін дамытуға ерекше мән берілді.
Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:
- Президент Жолдауда Алматы тау кластері бойынша тапсырмалар берді. Әрине, ол жақта Алматы қаласымен бірігіп біраз жұмыстарды атқарамыз. Енді шалғай аудандарда да тау кластерін дамытуға үлкен мүмкіндіктеріміз бар. Ол үшін бірінші кезекте инфрақұрылым керек.
Кеген ауданында бірнеше әлеуметтік нысан қолданысқа берілді. Кеген орман шаруашылығы мекемесінің ғимараты толық жаңартылды. 1979 жылы салынған нысанды жөндеуге облыстық бюджеттен 414 млн теңге бөлінді.
Ринат Алпысбаев, «Қарқара» орман шаруашылығының қызметкері:
- Бізде бұрын ғимараттар ескі болатын, ол жерге адам көп келген жағдайда сыймайтынбыз. Қазіргі енді 2 қабатты ғимаратта жұмыс істеуге де, дамуға да жақсы болды.
Жалағаш ауылында жаңа мәдениет үйі ашылды. Бұған дейін 80 жылдан астам уақыт қызмет еткен ескі ғимараттың орнына жаңа нысан салынды. Жаңғырту жұмыстарына 476 млн теңге жұмсалды. Қызметкерлер саны екі есе артты. Балаларға арналған 10 жаңа үйірме ашылды.
Сәрсехан Қонақбаева, Жалағаш ауылдық Мәдениет үйінің директоры:
- Бұрынғы мәдениет үйі ескірген, ішінде жылуы жоқ болатын. Қазір жаңа ғимаратымыз салынып, жастарымыз, өнерлі адамдарымыздың бәрінің қуанышында шек жоқ.
Жалағаш ауылында жыл соңына дейін жаңа спорт кешені ашылады. Ал аудан орталығында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған 72 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Авторлары: Гүлім Советқан, Аят Дуйсембай, Аманжол Жонкешов