Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы келесі жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу аясындағы кезекті матчын өткізді. Бельгия астанасы Брюссель қаласында өткен кездесуде жерлестеріміз «Қызыл сойқандардан» 6:0 есебімен ойсырай ұтылды.

Тартыстың өн бойында басым­дық танытқан бельгиялықтар дүркін-дүркін шабуылдаумен болды. 42-минутта Кевин Де Брёйне есеп ашса, 44-минутта Жереми Доку есепті еселеді. Екінші таймда да алаң иелері қарқынынан танбады. 52-минутта Николас Раскин үшінші голды тоғытса, 60-минутта Доку еншісіне екінші голын жазды. 84-минутта Кевин Де Брёйне де дубль жасады. 87-минутта қорғаушы Тома Мёнье Мұхамеджан Сейсен қақпасына алтыншы голды салды. Белгиялықтар 4 қыркүйекте сырт алаңда Лихтенштейн ұлттық құрамасын да 0:6 есебімен жеңген еді.

Ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиев матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында барлық жауапкерші­лікті өз мойнына алатынын мәлімдеді. «Жеңілістің барлық жауапкершілігін өзім арқалаймын. Елімізге барған соң, қызметтен кетуге өтініш жазамын», деді.

Кезінде әлем чемпионатының қола жүлдегері болған, ФИФА рейтингін­де алғашқы ондықта тұрған Бельгия құрамасы мықты ұжым екенін тағы да байқатты. Былтыр әлемдік мундиальдің іріктеу матчтарының жеребесі тар­тылғаннан кейін-ақ Бельгия ұлттық құрамасының бас бапкері ауысты. 60 жастағы француз Руди Гарсияға сенім артылды. Әзірге бельгиялықтар іріктеу кезеңіндегі 4 матчтан 10 ұпай жинап, 2-сатыда тұр.

Өкінішке қарай, қазақ футболының деңгейі, футболшылардың қарым-қабілеті, қажыр-қайраты қаншалықты екені Брюссель төрінде айқын аңғарылды. Біздің құрама бес ойыннан 3 ұпай ғана еншілеп, 4-сатыда келеді.