Сегізінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясы ресми түрде ашылды. Басқосуға Парламенттің қос палатасының спикерлері мен депутаттары, Премьер-министр мен Үкімет мүшелері, Мемлекеттік кеңесші, Конституциялық сот пен Жоғарғы сот төрағалары, Президент Әкімшілігінің , сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың басшылығы қатысты.
Қоғам талабына бағытталған жұмыс
Бірлескен отырысқа Сенаттың – 50, ал Мәжілістің 97 депутаты қатысты.
– 8 қыркүйекте Парламенттің бірлескен отырысы өтеді. Онда Президент жылдағы дәстүр бойынша халыққа Жолдауын жариялап, алдымызға жаңа міндеттер қояды, – деді жиында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Жалпы, Парламенттің үшінші сессиясы барысында депутаттар Мемлекет басшысының ел мүддесіне және халықтың нақты сұранысына негізделген жан-жақты реформалар бағдарын басшылыққа алды. Қос палатаның күнделікті қызметі осы реформалардың мазмұнын нақты іспен толықтыруға және жүзеге асыруға бағытталды. Президенттің сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген басымдықтар негізінде ұсынылған заңнамалық бастамалардың көп бөлігі дәл осы сессия аясында депутаттық корпус тарапынан жүзеге асырылды.
Төменгі палата Мәжіліс белсенді әрі мазмұнды жұмыс істеді. 39 жалпы отырыс өткізіп, 249 мәселені қарады. Нәтижесінде, 90 заң қабылданды. Мемлекеттік органдардың жауапты тұлғаларына 461 депутаттық сауал жолданып, қоғамда алаң тудырып отырған өзекті мәселелер көтерілді.
Депутаттардың негізгі назарында азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен құқықтық қауіпсіздігі болды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты тәсілдер қайта қаралып, барша азамат, оның ішінде сақтандырылмағандар үшін де алғашқы жүгінген сәтте тегін базалық медициналық көмекті сақтау нормасы бекітілді. Бұл – әлеуметтік әділдік пен қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Сонымен қатар онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған скринингтер кепілдендірілген тегін медициналық қызметтер қатарына енгізілді. Құлағы нашар еститін балаларды жергілікті бюджет есебінен есту аппараттарымен қамтамасыз ету мүмкіндігі заң жүзінде қарастырылды.
Балалардың білім алуына қосымша мүмкіндік беретін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі заңнамалық негізде бекітілді. Сондай-ақ халықаралық ғылыми деңгейде жетістікке жеткен оқушыларға конкурссыз білім гранттарын алуға, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы аясында оқуға жол ашатын жаңа норма енгізілді.
Депутаттар қылмыстық кодекстерге елеулі өзгерістер енгізіп, азаматтарды қылмыстық әрекеттерден қорғау шараларын күшейтті. Атап айтқанда, интернет-алаяқтыққа, соның ішінде «дропперлер» деп аталатын алаяқтық әрекеттерге қарсы қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Сонымен қатар некеге мәжбүрлеу фактілері үшін де жаза енгізілді. Адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынды.
Дегенмен заң қатайған сайын ізгілік қағидаттары да ескерілді. Кейбір құқық бұзушылардың іс-әрекеті абайсыздықтан туындайтыны ескеріле отырып, есірткі заттарын таратушылар мен тұтынушылар арасындағы қылмыстық жауапкершілікті ажырату нормасы қабылданды. Бұл – Президенттің Ұлттық құрылтайда берген нақты тапсырмасының орындалғанының көрінісі. Осы бағытта 3 мыңнан аса іс қайта қаралып, жазаларын жеңілдету немесе босату шаралары жүргізілді.
Конституцияның 30 жылдығына орай қабылданған «Рақымшылық жасау туралы» заң аясында 15 мың азаматтың жаза мерзімі қысқартылып, 2 мыңға жуық адам бостандыққа шықты.
Парламенттің жұмысы азаматтардың нақты мүддесін көздейтін әлеуметтік саясатпен ұштасып отыр. Бұл, ең алдымен, үш жылдық бюджетте көрінді. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларына, әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаржы көлемі артты. Жыл басынан бері базалық зейнетақы 6,5 пайыз, сабақтас зейнетақы 8,5 пайыз өсті. Әлеуметтік төлемдердің көлемі ғана емес, оны алушылар саны да артты. Сонымен қатар ауылды дамытуға және халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге қосымша қаражат бөлінді.
Мемлекеттік реформаларға заң жүзінде қолдау көрсетілді
Ал Сенатта үшінші сессияда 89 заң жобасы қаралып, оның 75-і мақұлданды, ал 14-і Мәжіліске кері қайтарылды. Сенаторлар бас-аяғы 170-ке жуық депутаттық сауал жолдап, Үкіметке өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.
Отырыстарда қаралған құжаттардың қатарында Президенттің тікелей тапсырмасымен әзірленген жаңа Бюджет және Салық кодекстері, сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалануға заңнамалық негіз қалыптастыратын жаңа Су кодексі, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заң, Аквашаруашылықты дамытуды және мемлекеттің аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіруді көздейтін дербес заң, Нысаналы капитал қорлары мен эндаумент-қорлардың қызметін реттейтін арнайы заң бар. Бұған қоса, Қаржы нарығын дамытуды, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуді көздейтін нормалар да мақұлданды. Осылайша, Сенаттың Мемлекет басшысы реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге арналған қызметі тиімді жүзеге асты.
Жұртшылықтың мұң-мұқтажы – депутаттар назарында
Кейінгі екі ай көлемінде Парламент депутаттары еліміздің әр өңірін аралап, сайлаушылармен жүздескен еді. Ауыл-аймақтағы тұрғындардың көкейіндегі сұрақтар мен ұсыныстарын тыңдап, нақты ахуалмен танысып келді. Ресми түрде жұмысқа кіріскен депутаттар кулуар қабырғасында күзгі маусым мінберде қандай тақырыптар көтеретіндерімен бөлісті.
– Өңірлерді аралап, халықтың жағдайын мұқият бақыладық. Жалпы, қымбатшылық мәселесі әр өңірде бар, бірақ аса ауыр, кең ауқымда тұрмыстық қиындықтарға тап болған жұртты байқамадым. Мысалы, мен Абай мен Алматы облысында болдым. Жалпы, жағдай күрделі емес, дегенмен кейбір отбасылар, әсіресе балаларына мектеп киімін ала алмай отырған жекелеген жағдайлар бар, оларға қолдау көрсету үшін нақты шаралар қабылданды. Әр өңірдің өзіне тән проблемалары барын да атап өткен жөн. Мысалы, Зайсанда газ мәселесі әлі шешімін таппаған, ал Катон-Қарағайда жол құрылысы толық аяқталмаған. Сондықтан алдағы жалпы отырыста осы құрылыс саласындағы мәселелерді кеңінен қарастырамыз. Одан бөлек, цифрландыруды еліміздегі жемқорлықты жоюдың негізгі құралы ретінде қарастырып отырмыз. Ол үшін бірқатар ұсыныс дайындалып жатыр, – дейді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.
Бірлескен отырыс алдындағы кулуарда Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жалпы отырыстарда ЛГБТ насихатына заңмен шектеу енгізу мәселесі қарастырылатынын жеткізді.
– Шынында, бізде ЛГБТ өкілдерінің насихаты бар. Әсіресе әлеуметтік желілерде кейбіреулер сол қауымдастықтың өкілі екенін ашық түрде жариялап, үгіт жұмыстарын жүргізіп отыр. Бұл – үгіт-насихат. Ол бірінші кезекте өскелең ұрпаққа әсерін тигізеді. Әрі халықаралық зерттеулер ЛГБТ қауымдастығы өкілдерінің суицидке баратынын және психологиялық күйзеліске жиі ұшырайтынын көрсетіп отыр. Демек ЛГБТ насихатын ашық түрде жариялауды заңмен шектеу керек, – дейді депутат.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек МӘМС жүйесіндегі заңбұзушылықтарға қатысты Бас прокуратураға жаңа мәлімдеме дайындап жатқанын айтып қалды. Оның айтуынша, еліміздің 4 өңірінде «жалған тіркеулер және жұмыс істемейтін ұйымдарға қаражат аудару» деректері бар.
– «СК-Фармацияға» қатысты мәлімдемені 1 шілдеде жолдадым. Қазір Бас прокуратура айналысып жатыр. Ал МӘМС бойынша мәлімдеме алдағы күндері жіберіледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі анықталған заңбұзушылықтардың жалпы көлемі ондаған млрд теңгеге бағаланып отыр. Заң бұзушылықтар орта есеппен 30-дан, кейде 60 млрд теңгеге дейін барады. Барлығы Бас прокуратураның қалай бағалайтынына және кейін құқық қорғау органдарының қандай шешім қабылдайтынына байланысты. 40-қабатты Rams Beyond Almaty кешенінің құрылысы қайта басталыпты. Бұл – заңсыз құрылыс. Сондықтан Құрылыс кодексі аясында құрылыс нормаларын, экологиялық талаптарды және басқа міндетті ережелерді сақтамайтындарға жауапкершілікті күшейту шараларын енгізуді жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Асхат Аймағамбетов болса, Мәжілістің алдағы отырыстарында қандай мәселелерді көтеретінін тізбектеп шықты.
– Осы сессияда мәселе көп. Біз өзіміз бастама жасаған психологиялық қызмет туралы заң жобасын дайындап, Үкіметке қорытындыға жібердік. Instagram, TikTok-ты ашсаңыз, әртүрлі коучтер, білімі жоқ болса да, психологиялық көмек көрсетемін дейтін азаматтар аз емес. Оның соңы неге әкелетінін біз жақсы білеміз. Сол себепті осы салада арнайы заң жобасын дайындадық. Оны реттеуіміз керек. Археология туралы заң жобасы да – назарда. Бұған қоса тәуелділікті емдеу, алкоголизм, лудомания, нашақорлық проблемалары өзекті. Біз оларды қалай емдеп жатырмыз? Тиісті емдеу хаттамалары бар ма? Емдеу орталықтары қаншалықты дайын? Көмекті дұрыс көрсетіп жатырмыз ба? Міне, осы мәселе де біздің бағдарымызда болады. Бюджет, әлеуметтік салада да сұрақтар жеткілікті, – дейді Мәжіліс депутаты.
Аталған мәселелер енді төртінші сессия барысында қос палата жұмысының негізгі бағдарына айналады. Осылайша, Парламент қоғамның өзекті мәселелерін шешуге, әлеуметтік әділетті арттыруға және заңнамалық реформаларды сапалы орындауға бағытталған маңызды жұмыстарды жалғастырады.
Зейін ЕРҒАЛИ,
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»