Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған велошеру Вашингтонда өз мәресіне жетті.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі ай бұрын Қарағандыдағы Абай мектебінен басталған велошеру Семейге жетіп одан әрі, мұхит асқан болатын. Халықаралық жоба тәжірибелі велошабандоз Ернат Рахметолланың бастауымен жүзеге асты. Салауатты өмір салтымен қатар хакім Абайдың мол мұрасын насихаттаған отандысымыздың өз рухани миссиясы бар. Жидебайдан бір уыс топырақ алып барған жерлесіміз Мэрилендте көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің зиратын да зиярат етті.

Хәкім Абайдың туған жерінен ала шыққан бір уыс топырақ Ернат Рахметолланы мұхит асырып, 1200 шақырымды жалғыз басып өткізіп, АҚШ-та бақилық болған Мұхтар Мағауиннің жатқан жеріне жеткізді. Жол-жөнекей велошабандоз Нью-Йорк, Нью-Джерси, Принстон, Трентон, Филадельфия, Балтимор қалаларын кесіп өтіп, осындағы отандастырымыз бен Димаштың америкалық жанкүйерлерімен қауышты. Ауа райының ыстық-cуығына да, жолдағы түрлі қауіп кетерге де Абай мен Мұхтар Мағауиннің шығармаларындағы хикмет қалқан болған.

Ернат Рахметолла, велошабандоз:

- Қазақтың ұғымында топырақ және әруақ деген екі ұғым – қасиетті. Бұл — ежелден бар құндылық. Сонау түркілер заманынан бері қазақпен бірге жасасып келе жатқан. Мен осы екі ұғымды жалғастырып, жанастырып тұрғанымды тұла бойыммен сезіндім. Бір айдай бұрын Жидебайдағы Абайдың, ұлылар мекенінен бір уыс топырақ алған кезде осы жерге салуды мұрат тұтқам және осы велошеру ретінде велосипедпен келіп, 1500 шақырымдай сапар шектім. Бұл сапар кезінде күн де ыстық болды. Мысалға, 31 градусқа дейін ыстық болды. Жаңбыр да жауды, түні бойы да жорытқан кездерім болды. Сол кезде Мұхтар Мағауиннің шығамаларындағы рух мені алға жетелеп отырды.

Сапар аясында велошабандоз Мұхтар Мағауиннің музей-үйіне барып, жұмыс бөлмесін өз көзімен көрді.

Одан соң Вашингтондағы диаспора өкілдерімен кездескенде алдағы уақытта АҚШ қалаларын жалғайтын эстафета форматындағы топтық велошеру ұйымдастыру идеясы да тосыннан туа кетті. Оның жүзеге асуына Солтүстік Америкадағы Қазақстан мәдени-іскерлік қауымдастығы мен Джордж Вашингтон университетіндегі Абай орталығының өкілдері үлес қосуға уағдаласты.

Анар Өмірзаққызы, КСbana ұйымының өкілі:

- Ең біріншіден, отандасымыздың АҚШ-қа келгеніне өте қуаныштымыз және осының нәтижесінде келесі жылдан бастап барлық АҚШ-та тұратын қазақтар қосылып велошеру жобасын ұйымдастыруға шабыт алдық. Жол жас адамдарға да, балаларымызға да үлкен тәрбиелік мән береді. Екіншіден, дене шынықтыру ретінде пайдалы.

Айтолқын Құрманова, Джордж Вашингтон университетіндегі Абай орталығының өкілі:

- Велошеру арқылы еркіндік, табиғат, мәдениет және көшпелі өркениет сынды бізге тән ұғымдарды бірден көрсете аламыз. Бұл біздің тағылым жайлы хабар бере алады. Енді қазақша ерекшелігі бар жейделерді киіп алып, топтық велошеру жасасақ, мұндағы америкалықтардың бірден назар аударып, біз жайлы көбірек біле бастайтынына сенімім мол.

Бұл келесі жылдың еншісінде. Ал қазір Ернат Рахметолла АҚШ астанасынан Анадолы жеріне барып, «Абай велошеруінің» жаңа бір кезеңіне аттанбақ. Ыстамбұлдан басталатын сапар, Түркияның ірі қалаларын кесіп өтіп, Едірнеге дейін жетеді деп жоспарланған.

Ердана Ержанұлы, 24KZ