Бұл сұраққа көпшілік жауап тапқысы келеді. Бірақ көпшіліктің қаржылық сауаты төмен.

Осындайда қаржылық білімі бар адамның пікірін білген дұрыс. Әдетте, теңге құбылып жатқанда, нарықты түсіну маңызды. Сондықтан тәжірибелі экономист Алмас Чукиннің пікіріне «құлақ асып» көрейік. Сөз арасында ол «доллар ала берейік пе» деген сауалға ойын айтады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Жұртты мазалайтын сұрақ: «Араб Әмірліктерінде дирхам курсы долларға байланған. Неге жылдар өтсе де ол өзгермейді, ал бізде керісінше?». Шын мәнінде, көпшілікті қызықтыратыны курстың бағамы емес, өйткені қарапайым адамдардың бәрі күнде қолына доллар ұстап жатқан жоқ. Оларға керегі — бағаның тұрақты болғаны. Себебі бәріміз жұмыс істейміз, ақша табамыз, ал күні кеше таңғы асымызды алған ақша бүгін тек сэндвичке ғана жетеді. Бұл кімге ұнасын? Көңілге қаяу түсіретіні сол, — дейді экономист.

Теория бойынша ақшаның үш қызметі барын да айтады: төлем құралы, құн өлшемі және жинақтау құралы.

Ақша құн өлшемі ретінде тауардың «бағасын» көрсетеді. Мысалы, доллармен немесе теңгемен. Бірақ салмақ немесе калория сияқты физикалық өлшемдер өмірде тұрақты болғанымен, ақшаның құны қашанда тұрақсыз. Себебі ол уақытқа және нарық жағдайына қарай өзгереді. Егер тауар көп, ал сатып алушы аз болса, бағасы түседі. Ал егер ақша көп, ал тауар аз болса, ақша «жеңілдеп», құны кете бастайды. Мәселе — сұраныс пен ұсыныста.

Әмірліктерге келейік. Қаржылық сауат арнасының жазуынша, расында да онда 1 доллардың бағасы 1997 жылдан бері 3,6725 дирхамды ұстап тұр. Бұл елде мұнай мен туризмнен түсетін табыс және басқа да көрсетілетін қызметтер доллармен есептелетіндіктен, тұрақты курсты ұстап тұру оңай. Бірақ курс тұрақты болса да, баға бәрібір өзгере береді.

Мысалы, Әмірліктер АҚШ-та жоқ ҚҚС-ты енгізіп қойды. Азық-түлікті басқа елдерден алады. Былай қарасаң, дирхам доллар секілді тұрақты болғанымен, елде жылжымайтын мүлік пен қызмет бағасы Америкадағыдай емес, өз бетінше өседі.

«Не айтқым келді? Шетел ақшасына шаққандағы ұлттық валютаның айырбас бағамы елдегі экономиканың бет-бейнесін көрсетеді. Яғни, ақша курсы — оңды-солды басқаратын қолдағы құрал емес», — дейді Чукин.

Салыстырып көру үшін Қазақстандағы айлық жалақының тарихын шолып көруге болады дейді экономист. Оның пікірінше, ең жемісті жыл — 2013 болды: бағалар құбылған жоқ, ал орташа жалақы доллармен 713-ке жетті. 2015 жылғы девальвациядан кейін ол 429 долларға түсті, ал 2023 жылы қазіргі доллардың курсымен айтқанда 780-ге жетті.

Егер бұл жағдайға 2000 жылғы «өзгермеген» доллармен қарайтын болсақ, онда көрініс басқаша болады. Сол курспен есептегенде, 2013 жылы 528 доллар болған жалақы тек 474-ке ғана өскен болар еді.

«Тағы бір мән беретін мәселе бар. Әдетте, жұрт орташа жалақының мөлшерін (2025 ж. І тоқсанында 423 000 болды) естігенде түсінбей, «ондай айлықты кім, қайда алып жүр?» деп таңданып жатады. Мұндағы айырмашылық, орташа немесе медианалық жалақыны қолдануда. Яғни, 2019 жылдан бастап статистер медианалық жалақыны да есептей бастады. Ол жалақының ең жиі кездесетін деңгейін көрсетеді және мөлшері әлдеқайда төмен, қазір 300 мың теңге, — деп жазған экономист «доллар ала берейік пе?» деген көпшілік сауалына былай деп жауап қатады:

«Қазір керек жоқ. Мысалы, сізге ақша қашанға керек? Бәрі сол уақытқа байланысты. Егер ақшаңа бір жыл уақыт беретін болсаң, 16-18% жылдық ставкамен теңгеде депозит ашқан тиімді. Бұл жерде теңге 5%-ке арзандап, бағалар 10%-ке өссе де, сатып алу қабілетіңіз сақталады. Ал доллар сатып алып, 1,5%-пен депозитке қойсаңыз, доллар 5%-ға өссе де, инфляциядан ұтыласыз. Ал 5–10 жылға теңгеде жинақ ұстау қауіпті. Өмір көрсеткендей, дамушы елдердің валюталары тұрақсыз келеді. Ең тиімді нұсқа — 50%-ін теңгеде ұстап, процентіне «күн көру». Ал, қалған 50%-ін долларда ұстап, брокер арқылы АҚШ-тың 20-30 жылдық облигациясын алу (қазір олар 4,8% береді)», — деді сарапшы.