Алдағы 5 жылда әлемдегі жастар саны 1,3 миллиардқа жетеді, деп хабарлайды 24kz.
ЮНЕСКО-ның дерегі осылай. Бұл жастардың тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі, әсіресе, жастардың жалпы әлем халқының 90%-і тұратын дамушы елдерде атқаратын маңызды рөлін көрсетеді. Қазіргі қоғамдағы жастардың үлесі қандай?
Фариза Жанғанаева, тілші:
- Бүгін – Халықаралық жастар күні. Бұл датаны Біріккен ұлттар ұйымының айтулы күн ретінде бекітуі жастардың білім алу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту сынды қоғамдық өмірге толыққанды араласуын қамтамасыз етуді көздейді. Енді қазірде әлем халқының 18%-і жастар.
Жас келсе іске. Қазірде еңбек нарығында 20-24 жастағы 3,6 млн жас қызмет етіп жүр. Бұл статистика жастардың еңбекке ерте араласуын білдіреді. Еңбек нарығында үш негізгі категория бар: аға буын, белсенді жұмыс күші және жаңа жұмыс күші. Жаңа жұмыс күшіне Z буыны кіреді. Z буыны дегеніміз – шамамен 13 пен 28 жас аралығы. Дәл осы ұрпақ өкілдерінің қазір еңбек нарығына араласуы бірқатар өзгеріс алып келді. Мәселен, кейінгі он жыл ішінде технологиялық инновациялар мен жаңалықтардың көпшілігін жастар жүзеге асырып келеді. Z буынының қатысуымен еңбек нарығында жұмыспен қамтудың жаңа формалары, соның ішінде қашықтан еңбек ету және фриланс деген ұғымдар пайда болды. Жастардың басты артықшылығы – технологияның тілін біледі, ақпаратты тез меңгереді және өзгерістерге бейім.
Стефани Коулмэн, Ernst and Young сарапшысы:
- Z ұрпағы дәстүрлі «өмірлік бір кәсіп» ұғымынан алыстап, «эпизодтық» мансап үлгісін ұстанады. Яғни, олар түрлі мамандық бойынша тәжірибе жинауға дайын. Әрі өз дағдыларын кеңейтуге ұмтылады.
Жапонияда жастар азайып барады
Жастар экономиканың маңызды қозғаушы күші. Ал қоғамда еңбекке қабілетті адам көп болуы керек. Мәселен, Жапония былтыр төрт күндік жұмыс аптасын енгізді. Бұл жастардың қатарын көбейтудің амалы. Өйткені елде демографиялық дағдарыс жылдан жылға ушығып барады. Жапон қоғамы қартайып барады. Ал, жастар жағы жұмысбасты. Сөйтіп, өмірге ұрпақ әкелу жайын ойлауға олардың уақыты жоқ. Бұған алаңдаған билік жұмыс уақытын қысқарту әзірге ең ұтымды шешім деп отыр. Жапонияда туу көрсеткіші сегізінші жыл қатарынан төмендеп келеді. Былтыр бірінші жартыжылдықтағы көрсеткішке қарасақ, елдегі туу көрсеткіші рекордтық төменгі деңгейге түсті. 350 мың бала ғана дүниеге келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ке аз. Демографиядағы түйткілдер жапон экономикасына кесірін тигізіп, салдарынан күншығыс елі әлемнің үшінші экономикасы деген атағынан айырылған болатын.
Жұмыссыз жастар көбейіп барады
Жастар еңбекке қабілетті болғанымен, жұмыс істеуге құлықсыз келеді. Жоғары білімі жоқ, не дипломы бола тұра екі қолға күрек таппай сандалып жүрген жас көп. Статистикаға сүйенсек, әлемдегі жастардың жұмыссыздығы 13% деңгейінде. Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегі бойынша бұл – кейінгі 15 жылдағы ең төмен көрсеткіш. NEET санатына әлемдегі әр бесінші жас кіреді. NEET термині 1998 жылғы дүниежүзілік экономикалық дағдарыстан кейін пайда болған. Бұндай сипатқа ие болу факторлары әртүрлі. Мәселен, мектеп бітіріп, әрі қарай не оқитынын, не жұмыс істейтінін білмейтін жастар бар. Оған жоғарғы сыныпта оқушыларға дұрыс кәсіптік бағдар берілмеуі, психологиялық дайындықтың осалдығы себеп. Бұл ретте Жапония, Германия сынды елдерде мектептерде арнайы кәсіптік оқыту бағдарламары қолға алынған.
Авторы: Фариза Жанғанаева