Абайдың 180 жылдығы Ресейде де атап өтілді. Мәскеуде Ұлы ақынға қойылған ескерткіш жанында «Абай оқулары » өтті.
Дипломаттар, өнер сүйер қауым мен қазақ диаспорасының өкілдері жиналып, ақынның өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.
Мәскеудің «Чистые пруды» жағалауына қойылған Ұлы ақынның ескерткішіне биыл 19 жыл. Қазақстан тарту еткен қола мүсін халықтар достығының нышанына айналған. Абай шығармашылығын, қазақ мәдениетін қадірлейтін жандардың басын қосатын рухани орын. Осы жерде жыл сайын ақынның туған күні атап өтіледі. Биыл да, дәстүрден жаңылмай ғұлама ойшылдың шығармашылығы ұлықталды.
Қазақ халқының рухани қазынасы — Абайдың қара сөздері, өлеңдері мен әндері – Ресейдегі отандастарымыз үшін де баға жетпес мұра. Олар бұл асыл қазынаны қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге атсалысып келеді.
Талғат Мықтыбаев, Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының доценті:
- Абай өнегесі әлі күнге дейін өзекті. Оның әр шығармасындағы өмір туралы толғамдарын қазіргі ұрпақ ұмытпай, санасына жақсылап бекітсе деген тілегім бар. Өйткені Ұлы ойшылдың қара сөздеріндегі әр орамды ой баға жетпес қазына.
Дана Гельдэ, жазушы:
- Абай – біздің рухани тамырымыз. Оның шығармашылығы тек тіліміздің ғана емес, мәдениетіміздің философиясын танытады. Бұл бүтін бір ұрпақтың ой-санасын қалыптастырады. Сондықтан жастардың Абайды оқуы өте маңызды.
Хакім Абайдың еңбектері рухани даналықққа толы терең философиялық мәнге ие. Оның шығармаларына үңілген сайын оқырманның өмірге деген көзқарасы өзгеріп, дүниетанымы кеңейгендей күй кешеді.
Мұрсал-Нәби Тұяқбаев, ЕЭК қызметкері:
- Жыл сайын өзіме есеп беремін.. Абайдан не оқыдым? Нені түсіндім, қай жерін жіберіп алдым? Ағылшынша айтқанда, бұл – Life Learning, яғни ғұмыр бойы үйрену. Алдымен, өз ана тілімізде Абайдың не айтқысы келгенін түсіну керек. Сол үшін жыл сайын жеке жазба жүргіземін. Оның бізге мұра етіп қалдырған өсиетін толық түсінгім келеді.
Ғұлама ақынның шығармашылғын дәріптеп, келер ұрпаққа жеткізу өткен мен бүгінді жалғайтын, жастардың ой-өрісін кеңейтетін асыл мұра болып қала бермек.
Фариза Жанғанаева, Дана Нұржан, Шахзод Ғамиров, 24KZ