Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы деректерді басқару тиімділігін арттыру, сондай-ақ, киберқауіпсіздікті күшейту мәселесін көтерді.
"Жасанды интеллектінің дамуымен қауіп-қатердің мүлдем жаңа түрлері пайда болды. Үйреншікті әрекет ету механизмдері оған бейімделіп үлгермей жатыр. Нейрожелілер көмегімен адамның биометриялық көшірмесі жасалатынын, дауысын, бет әлпетін, тіпті мінез-құлқын айнытпай салуға болатынын бәріміз көріп отырмыз . Бұл азаматтардың жеке мәліметі мен банк есепшоттарына қол жеткізуге, қоғамдық пікірді бұрмалайтын жалған бейнероликтер жасауға мүмкіндік береді", – деді Президент.
Одан әрі Мемлекет басшысы ақпараттық жүйелердің осал тұстарына тоқталды.
"Жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан аса дерек тіркелді. Ең ірі оқиға маусымда болды. Мұндай жағдайдың басым бөлігі жеке секторда болады. Бірақ мемлекет еліміздегі цифрлық қауіпсіздіктің жалпы деңгейіне толық жауап беруге міндетті. Киберқауіпсіздік саласындағы бүгінгі ахуал құзыреттердің дұрыс бөлінбеуі және шашыраңқылығы салдарынан күрделеніп отыр. Бір жағынан ақпараттық қауіпсіздікке Цифрлық даму министрлігі құрамындағы Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мониторинг жүргізеді. Екінші жағынан қауіпсіздік талаптары бойынша техникалық сынақтар жүргізу және сертификаттау Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынышты Мемлекеттік техникалық қызмет құзырында. Бірыңғай басқару вертикалінің болмауы және функциялардың қайталануы мемлекеттік органдардың киберқауіпке қарсы баяу әрекет етуіне себеп болады. Бұл жағдайды тез арада түзеу керек", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қорғалған коммуникацияны қамтамасыз етуді тағы бір маңызды міндет ретінде атады.
"Қазір іскерлік және қызмет бабындағы байланыстың, соның ішінде азаматтардың жеке деректерін беру үдерісінің басым бөлігі халықаралық мессенджерлер арқылы жүзеге асады. Бұл платформаларда жеке сәйкестендіру нөмірін, азаматтардың денсаулығы туралы мәліметті және басқа да деректерді жиі сұрайды. Мұндай тәжірибе жеке мәліметтерді қорғау туралы заңнамаға қайшы және ұлттық юрисдикциядан тысқары жерге деректердің тарап кетуіне әкеліп соғады. Қазақстанда отандық Aitu мессенджері әзірленді. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады. Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз