Астанада өтетін жарысқа 30 елден 300 боксшы қатысады.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бокстан Әлем кубогі қарсаңында Қазақстан ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына барды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

30 маусым мен 6 шілде аралығында Астанада ерлер мен әйелдер арасында бокстан Әлем кубогы өтеді.

Қазіргі уақытта елордада отандық спортшылармен бірге АҚШ, Канада, Сербия, Франция, Финляндия, Швеция, Швейцария, Әзербайжан, Аустралия, Словакия, Норвегия және Германия боксшылары бірлескен жаттығу өткізіп жатыр.

Қазақстан ұлттық құрамасының нақты құрамы осы жиын қорытындысы бойынша анықталады.

Жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Әлем Кубогының ашылу салтанаты 30 маусым күні сағат 13:00-де, ал финалдық жекпе-жектер 6 шілде күні сағат 14:00-де басталады.

Айта кетейік, елордада өтетін әлемдік жарысқа Өзбекстан ұлттық құрамасы қатыспайтынын мәлімдеді.