2025 жылдың соңына дейін елордада тағы 14 мың орынға арналған 7 келешек мектептің құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаңа мектептер оқушыға бағдарланған, инклюзивті және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл туралы елорданың білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов мәлімдеді.

Нариман Еламановтың айтуынша, 2024 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жоба аясында Астанада 30 600 оқушыға арналған 16 «Келешек мектептің» құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Бұл 6 үш ауысымды мектептегі мәселені шешуге және бала саны шамадан тыс 9 мектептің жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді.

"Келешек мектептері" оқушылардың жас ерекшелігіне қарай бөлінген, қауіпсіз және жайлы ортада білім алуға толық мүмкіндік береді. Барлық мектеп бейнебақылау және кіріп-шығу басқару жүйелерімен жабдықталған, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктармен жобаланған, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған пандустар, лифтілер, арнайы санитарлық бөлмелермен қамтылған, аутизм спектріндегі балаларға арналған жеке кабинеттер мен ресурстық сыныптар қарастырылған.