Алматыда TEACHER OF THE YEAR – 2025 байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауға NNEF қоғамдық қорына қарасты мектептер мен балабақшалардан 100-ден астам педагог қатысты.
Бұл жолы салтанатты іс-шара Алматыдағы "Мирас" халықаралық мектебінде өтті. Айта кетейік, жыл сайынғы дәстүрлі байқау биыл ерекше мәртебеге ие болып отыр. Аталмыш байқау республика мұғалімдеріне арналған кәсіби шеберлік байқаулары тізіміне енгізілді. Байқауға берілген бұл мәртебе қордағы білім беру ұйымдарында еңбек ететін мұғалімдер үшін де үлкен қолдау, өйткені мемлекеттік аттестациядан өту барысында байқау жеңімпаздарына қосымша артықшылық беріледі.
Биыл Астана, Алматы, Атырау қалаларындағы "Мирас" мектептері мен балабақшаларынан, сондай-ақ Алматыдағы халықаралық мектептен 112 педагог байқауға өтінім берген. Оның ішінде 26 мектеп мұғалімі және 22 балабақша тәрбиешісі байқаудың екінші кезеңіне өткен. Екінші кезеңде байқау қатысушылары ашық сабақтар өткізіп, өз пәнін оқытудағы заманауи көзқарастарды, инновациялық технологияларды, тың әдіс-тәсілдерді тамаша меңгергенін көрсете білді.

Байқаудың ақтық сайысына жүзден жүйрік атанған 6 білім беру ұйымынан 12 мектеп мұғалім мен 12 балабақша педагогы қатысты.

"Мирас" балабақшасының директоры Баян Файзуллина бұл байқауда жеңілгендер жоқ, байқаудың әр қатысушысы жеңімпаз екенін ерекше атап өтті.
"Бұл байқау – әр мұғалімнің кәсіби шеберлігін шыңдауға, өзіне деген сенімін арттыруға бағытталған керемет мүмкіндік. Жыл сайын байқауға біздің тәрбиешілер белсенді түрде қатысып келеді. Биыл екі бірдей педагог финалға өтті. Бұл – үлкен жетістік! Жүзден жүйріктер арасынан жеңімпазды таңдау оңайға соққан жоқ. NNEF қоғамдық қорына, әсіресе білімге, ұстаздарға әрдайым ықыласын танытып отырған Динара Нұрсұлтанқызына шын жүректен алғыс айтамын", — деді ол.
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айтан Мамедованың айтуынша, байқау оның кәсіби тәжірибесін қайта қарауына, өзін басқа қырынан тануға септігін тигізген.

"Байқау қиын болған жоқ, керісінше – өте қызықты әрі әсерлі сайыс болды. Әр кезең мені өзімнің жұмысым туралы қайта ойлануға итермеледі. Бұл тәжірибе маған жаңа серпін берді", — дейді жас мұғалім.
Ал байқау жеңімпазы, тарих пәнінің мұғалімі Арай Қоңырбаева ұстаздық жолында оны шәкірттері шабыттандыратынын айтып отыр.

"Бұл байқауға қатысуыма оқушыларым түрткі болды. Байқауда оқушыларым үшін тырысып, барымды салдым. Осы мүмкіндікті сыйлаған NNEF қорына, қолдау көрсеткен әріптестеріме, әрине, оқушыларым мен олардың ата-аналарына айтар алғысым зор. Оларсыз бұл жеңіс мүмкін болмас еді", — дейді Арай Коңырбаева.

TEACHER OF THE YEAR байқауы алғаш рет 2021 жылы өткізілген. Содан бергі аралықта аталмыш байқау қордың 7 филиалында өткізіліп келеді. Төрт жыл ішінде байқауда 482 педагог бақ сынап, 132 педагог байқаудың ақтық сайысына шыққан. Жүзден жүйріктер арасынан байқауда 32 мұғалім жеңімпаз атанған. TEACHER OF THE YEAR байқауының жалпы жүлде қоры 18 миллион теңгеден асқан.