Астанада балаларға арналған шұғыл медициналық көмек орталығы салынады, деп хабарлайды 24KZ. 200 орындық мекеме ауыр жағдайдағы кішкентай науқастарға жылдам көмек беруге бағытталады. Айта кетейік, елордада үш ай бұрын ересектерге арналған осындай ұлттық орталық ашылған. Медицина мамандарының төл мерекесіне орай біздің тілшілер шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына барып, мамандардан тілдесті.

Жаз басталса, жоғары қан қысымы бар адамдардың жағдайы қиындайды. Күннің ыстығынан денсаулығы сыр беріп, дәрігер көмегіне жүгінетіндер көп. Сондай науқастардың бірі – Кенбай Аяпбергенов.

Кенбай Аяпбергенов, емделуші:

- Шұғыл бөлімшеге түстім. Бұрын ауырмағанмын. Қан қысымы көтеріліп кетіп, бірден аяқастынан осындай болды. Жедел жәрдем шақырғанда қан қысымым 200-ден асып кеткен. Қазір нормаға келді. Кеше маған операция істеді.

Абырой болғанда, кейіпкерімізге уақытылы көмек көрсетіліп, ол аман қалды. Кезекті науқасты инсульттен сақтап қалған нейрохирург Жәнібек Әлжіков. Ол үш ай бұрын ашылған Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында жұмыс істейді. Жалпы бұл салада жүргеніне 11 жыл болған.

Жәнібек Әлжіков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы нейрохирургия департаментінің нейрохирург-дәрігері:

- Ашылғалы бері біздің нейрохирургия департаментінде 60-тай операция жасалды. Көбі инсультқа байланысты. Жедел жәрдеммен келгендерге эндовоскулярлы жолмен күрделі операциялар жасалды. Яғни 2-3 мм тамыр ішінде микрокатетер «проводниктер» арқылы сол жарылған тамырларды бітеп немесе бітелген тамырларды ашып, стэнд қою арқылы науқастардың өмірін сақтап қалу операциялары жасалады.

Мекеменің ерекшелігі оның техникалық мүмкіндіктерінде. Заманауи МРТ және КТ аппараттарымен дәрігерлер операция бөлемесінен шықпай-ақ, жылдам диагностика жасап, шұғыл көмек көрсетуге қауқарлы.

Бұдан бөлек, санавиация тағы бар. Мұнда тікұшақтар мен арнайы ұшақ бар. Демек өзге өңірлердегі, тіпті шетелдегі ауыр жағдайда жатқан қазақстандықтарды елге тегін алып келіп, шұғыл ем-дом жасай алады.

Батыр Айтмолдин, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары:

- МРТ тесла деген аппаратымыз бар. Екінші бізде 3 КТ аппарат бар. Өте мықты аппараттар. Соның біреуі бізде операция бөлмесінде тұр. Жараланып келген науқасты алып келсе, оны бөлмеге кіргізіп, 10 минутта бастан аяғына дейін түгел қарап көріп, сол жерде қандай операция істеу керек деген шешімге келеміз. Бригада бірден сол жерде дайындалады.

Екі айда орталықта 2 мыңға жуық операция жасалған. 250 орындық мекемеде 9 департамент 27 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Оның басым бөлігі – шұғыл медициналық көмек.

Батыр Айтмолдин, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары:

- Ашық жүрекке істейтін үлкен операциялар бар. Нейрохирургия, аритмология бар. Қандай операциялар бар, солардың бәрі істелінеді. Бізде политравма деген бар. Жолда көп «ДТП» болып жатқанда, адамдарды бізге алып келгенде шұғыл түрде істейміз.

Алдағы ауқытта осы аурухана жанынан балаларға арнап 200 орындық шұғыл медициналық көмек орталығын салу жоспарланған. Ол республикалық деңгейде қызмет көрсетеді. Мекеме әкімшілігінің айтуынша, құрылыс жұмыстары биыл басталады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ақылбек Есімсейітов, Жарқын Өрден