Жыл басынан бері елімізде 12 мыңнан астам жол-көлік апаты тіркеліп, оның 200-ге жуығы жолаушылар автобусының қатысуымен болған. Салдарынан 250-ден аса жолаушы зардап шегіп, 6 адам көз жұмған. Бас прокуратураға қарасты құқықтық статистика сайтының ақпараттары осылай дейді. Соңғы уақытта қоғамдық көліктердің қатысуымен қайғылы жайттардың жиілеп кеткені жасырын емес. Кінә жүргізушілерде ме әлде аталмыш сала жүйелі реформаға сұранып тұр ма?
Күні кеше ғана елордадағы Республика даңғылында жеңіл автокөлік жүргізушісі рөлді басқара алмай, №2 автобусқа соғылды. Салдарынан 2 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Ал осыдан 10 күн бұрын дәл сол көшеде №10 автобус бағанаға соғылып, 15 адам зардап шегіп, 8 жасар бүлдіршін арбаға таңылды. Бұл бір айдың ішінде бас қаланың өзінде ғана тіркелген жайттар. Өзге өңірлерді жіпке тізсек, адамның үрейін ұшыратын апаттардың көптігіне көз жеткізу қиын емес. Себеп неде? Мұны білу үшін қаладағы ең үлкен автобус паркіне келдік.
Нұрдәулет Сайлауұлы, автобус жүргізушісі:
- Автобуста істеп жүргеніме 15 жыл болды. 5-те жұмыста болу үшін 4-те тұрамын. Бір күн істеп, бір күн демаламыз.
Нұрдәулет сынды өзге де жүргізушілер жұмысқа таңғы 5-тен шығып, дәрігерге барып, қан қысымын өлшетіп, алкотесттен өтіп, жолға шығады. Күніне 4 айналым жасап, жолаушыларды тасымалдайды.
Нұрдәулет Сайлауұлы, автобус жүргізушісі:
- Бір айналымым шамамен 3 сағат 50 минутты алады. 1,5 айналым жасап демаламыз. 35-40 минут.
Жүргізуші жалақысы істеген сағатына байланысты төленеді. Сондықтан олар күніне әдеттегідей 8 сағаттан емес, 13 сағатқа дейін, кей өңірлерде тіптен 18 сағатқа дейін жұмыс істейтін көрінеді. Бірақ бұған табыстан гөрі маман тапшылығы басты себеп.
Темірлан Кәкімов, №1 автобус паркінің тасымалдау бөлімінің басшысы:
- Қазіргі уақытта 1700 жүргізуші бар. 1160 автобус бар. Күнде маршрутқа шығатын 726 автобус, 76 автобус бар. Қазір бізде кадр бойынша санағанда 100-дей жүргізуші жетіспейді. Орта жалақысы 600 мың.
Астанада 7 автобус паркі қала тұрғындарына қызмет етеді. Ресми дерекке сүйенсек, оларға қазір мыңнан аса жүргізуші қажет.
Сәбит Аманбаев, Қазақстан автотасымалдаушылар одағының бас директоры:
- Заң бойынша автобус жүргізушілері жылына 160 сағат жұмыс істеуі керек. Ал бізде адам жетпей жатқан соң 300 сағатқа дейін еңбек етеді. 2015 жылы 30 мың адам «Д» санаты куәлігін алса, 2023 жылы небәрі 2 мың адам ғана алған. Яғни жүргізуші болғысы келетін азаматтар саны 15 есе азайып кетті. Бұрын «Д» санатын алу үшін «Д1» санатымен бір жыл жұмыс істеуі керек еді. Ал «Д1» санатын алу үшін 5 жыл еңбек өтілі міндеттелетін. Бірақ жағдайды реттеу үшін бұл мерзімді біз 3 жылға қысқарттық. Алайда ол да көмектеспеді.
Сондықтан одақ басшысы: «Алдымен автобус жүргізушілерінің жалақысын көтеру керек. Жыл сайын денсаулықтарын түзеу үшін демалыс орындарына жіберіп, ынталандырып тұрған абзал», – дейді. Депутат Баққожаев та осы пікірде.
Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қаржылық жағдайларын күшейту керек. Көптеген өңірде субсидия әлі жоқ. Әлеуметтік бағыттар бойынша көлікке субсиядия береді. Бірақ жеңілдіктер жоқ. Мысалға, бір автобустың құны кем дегенде 60 миллион теңге. Ол 60 миллион теңгені сатып алған кәсіпкер қызмет көрсетіп, қай уақыттың ішінде ақтайды, мысалы? Кем дегенде 7 тіптен, 10 жыл керек.
Таңғы 5:00-ден түнгі 23:00-00:00 дейін жалғасатын жұмыстың моральдық, физикалық тұрғыдан адамды есеңгіретіп жіберері анық. Ал денсаулыққа тигізер әсері қандай?
Балжан Мизекенова, №3 қалалық көпбейінді ауруханасының терапевт-дәрігері:
- Мысалы, күніне 6 сағат отыратын адамдарда қанындағы инсулиннің глюкозаны қармау нәтижесі нашарлап кетеді де, организмге глюкоза көп мөлшерде бөліне бастайды. Ол қант диабетінің бірінші типін туғызуы мүмкін. Инсульт сияқты ауруларға алып келуі мүмкін.
Бұл бір орында тапжылмай 6 сағат қана отырғанда байқалатын әсер. Ал күн сайын 12-14 сағат отырған адамның ағзасы қайтпек?
Бауыржан Құттыбаев, «Алматы ЭлектроТранс» ЖШС №2 коммуналдық автобус паркінің директоры:
- Күнделікті таңертең 250 жүргізуші осы креслодан тексерістен өтеді. Наркотиктен, ішімдіктен, қан қысымынан, көздің қысымы бар ма, жүргізуші ұйықтамай, шаршап келді ме? Ондай ақаулар шықса, мына аппарат жұмысқа жібермейді. Біріншіден, қауіпсіздік жағдайы.
Берік Жұмағұлов, автобус жүргізушісі:
- Бір жағынан айлықтың жетіспеуі мәселесі шығар. Біз сол айлыққа 18 сағат істейміз. Бәрімізде кредит бар, төлейтініміз бар дегендей, пәтер бар. «Нерв» қатты кетеді. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, халықпен жұмыс істеу өте қиын.
Жұмыс жүктемесін азайту үшін маман санын арттыру шарт. Қазір автобус жүргізушісі қызметіне 23 жастан бастап«Д» санатының куәлігі бар азаматтар қабылданады. Алайда салаға қызығушылық танытушы жастар қатары қат.
Марат Құлышев, автобус жүргізушісі:
- Меніңше, жастар бұл жұмысқа таңертең ерте тұруға ерінетіндіктен келгісі келмейді. Таңғы 4-те тұрып, жұмысқа барғанша басқа жұмысқа тұрайын деп ойлайды.
Дей тұрғанмен, автотасымалдаушылар одағы басшысының айтуынша, таңғы ұйқыны қиюдан бөлек, мұндағы басты себеп басқа. «Д» санатын алған азаматтардың дені бұрын жүк тасымалымен айналысқан. Ал жолаушылар тасымалына көшу үшін оларға бұл салада кемі 3 жылдық тәжірибе керек. Жүргізушілерді оған оқытатын кәсіптік курс елде әлі күнге дейін қарастырылмаған. Сондықтан осы мәселе жолға қойылса, жүргізуші тапшылығы жойылып, жол-көлік апаты санының кемуі де әбден мүмкін.
Авторлары: Назым Қайрат, Руслан Әлиев