Қазақстан мен Словакия жаһандық текетірестер мен сауда соғысы бейбіт жолмен шешілуі керек деп санайды. Бұл туралы Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
- Біздің қарым-қатынасымыздың тарихы терең. Қазақ жауынгерлері екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Словакияны азат етуге белсене атсалысты. Осыған орай Роберт Фицо мырза бүгін Отан қорғаушылар монументіне барып, батырлардың рухына тағзым етті. Осылайша адамзат үшін қиын кезеңде бастау алған қазақ-словак достығы бүгінге дейін жалғасып, нығайып келеді, — деді Президент.
Мемлекет басшысы келіссөз барысында халықаралық және аймақтық мәселерге де назар аударылғанын айтты.
- Әлемдегі геосаяси ахуал, жаһандық текетірестер мен сауда соғысы бәрімізді алаңдатып отыр. Екі тарап та бұл түйткілдер бейбіт жолмен шешілуі керек деп санайды. Елдеріміздің халықаралық ұйымдар аясындағы байланысы нығайып келеді. Атап айтқанда, достығымыз БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты құрылымдар аясында дамып жатыр. Көптеген жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз көпжақты дипломатиялық байланыстарды тереңдетуге ерекше мән береміз. Бүгінгі келіссөз қарым-қатынасымыздың өзара тиімді сипатын тағы да нақтылай түсті. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-словак ықпалдастығы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен шағын құрамда келіссөз жүргізді.