Танымал блогер Айым Алтынбекова орамал таққаны үшін ешкімнен ақы алмағанын айтты.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол «Мамский әңгіме» подкастына берген сұхбатында орамалды кию де, шешу де өзінің шешімі болғанын мәлімдеді.
«Дінге өзім келдім. Ешкім итермелеген жоқ. Анам намазда, әкем намазда емес. Үйдегілер «намаз оқыңдар» деп айтқан емес. Ажырасудан кейін өзім діннен тыныштық таптым ба деп ойлаймын. Орамалға да ешқандай қысымсыз келдім. Сондай-ақ, орамалды шешу де өзімнің шешімім. «Блогерлерге төлейді» деген секілді неше түрлі әңгіме болды. Маған ешкім төлеген жоқ, одан бір тиын тапқан жоқпын. Орамалды шешу себебімді бұған дейін де түсіндерген болатынмын. Мен дінге қатты баспен кіріп кеттім. Орамал кидім, музыка тыңдау, тойға бару секілді барлық нәрседен бас тарттым. Орамал тақсаң, адамдар сені «мінсіз» көреді. Оның барлығы сенің сырт келбетің, иманыңа ешқандай қатысы жоқ. Қазіргі уақытта намазда емеспін, орамал тақпаймын. Мүмкін, оған келермін, кейде сол нәрселерді қатты сағынамын», — дейді ол.
Сондай-ақ, ол орамалды шешуді бір жыл бойы ойлағанын да жасырмады.
«Иманымыз қатты әлсіреген кезде біз Меккеге барып, умра жасайтынбыз. Төрт рет болдық. Өте қатты көмектесетін. Бірақ қашанғы бара бересің? Мен орамалды шешуге бір жыл бойы дайындалдым. Алладан қорықтым. Екіншіден, өзім кішкентай күнімнен бәрін мінсіз жасағанды ұнататындықтан өмірімде бәрі дұрыс болу керек. Миымда намазға келсең, орамал болу керек, орамалда болсаң, құранға түсу керексің деген секілді шектеулер бар. Соның бәріне кіріп кеткеннен кейін маған кішкене қиын болды. Күйеуім де қиналғанымды көрді. Бір жаққа баратын кезде «мен мынаны кигім келмейді, толық сияқты болып тұрмын» деп жылайтынмын. Әдемілікке жақын болғаннан кейін маған қиын болды. Бір жыл бойы дайындалып жүріп шештім. Орамалдарын шешкен барлық қыздардың арасында бүкіл хейтті мен қатты алған сияқтымы. Менің алдымда, менен кейін шешкендерге 1-2 ауыз сөз айтып, қоя салды. Ал мен әлеуметтік желілердің гүлі болдым. Күйеуімнің қолдауымен бәрін алып шықтым. 3 күннен кейін бәрі тынышталды», — дейді Айым Алтынбекова.
Блогер орамалын шешсе де діннен толық бас тартпағанын да тілге тиек етті.
«Орамалымды шешсем де дінге қатысты нәрселер өмірімде бар. Ол — құран оқу, сүрелерді жаттау, балаға дем салу, зікірлерді оқу. Түбегейлі бәрін қойған жоқпын», — дейді ол.