Сенбі-жексенбі күндері өткен футболдан ел Премьер-лигасының 8-туры ойындары турнир кестесіне елеулі өзгерістер енгізді. Сегіз кездесуде барлығы 10 гол соғылып, көшбасшылар қатары айқындала түсті.


Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қына Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіру мәсе­лесін көтерген еді. Осы тапсырмадан кейін елдегі бірқатар клуб жеке инвесторлардың басқаруына көшті. Солардың бірі – «Integra Construction KZ» компаниясының қарамағына өткен Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы.

Бүгінде клубта жүйелі өзге­рістер қолға алынған. Толық­қанды ребрендинг жүргізіліп, команданың маркетингтік, медиа саясаты жаңартылып жатыр. Клуб имиджін арттыру мақсатында демеушілер тартылып, танымал өнер, спорт шеберлері амбассадор ретінде жұмылдырылған. Бұл отандық футболдағы жаңа басқару мәде­ниетінің қалыптасып келе жат­қанын аңғартады.

ро

8-тур аясындағы орталық кездесулердің бірі Шымкентте өтті. «Ордабасы» өз алаңында ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы «Ақтөбе» клубын қабылдады. 20 мыңға жуық жанкүйер жиналған тартысты ойында алаң иелері алғашқы минуттардан белсенділік танытты.

Кездесудің екінші минутында Эльхан Астанов есеп ашып, шымкенттіктерді алға шығарды. Молдовалық маман Андрей Мартен шәкірттері бірінші таймда шабуылды үдетіп, қарсылас қақпасына бірнеше қауіпті соққы бағыттады.

Өз кезегінде, құрамында Луиш Нани сынды тәжі­рибелі футболшы өнер көрсететін «Ақтөбе» де қарап қалмады. Алай­да алғашқы таймда жа­салған алты соққының ешқай­сысы нысанаға дәл тимеді.

Екінші таймда қонақтар ойынды өз бақылауына алуға тырысты. Допты иелену көрсеткіші 62%-ға жеткенімен, Стефан Таркович жаттықтыратын ұжым шабуыл­да өткірлік таныта алмады. Ақтөбеліктер небәрі бір ғана дәл соққы жасай алды.

Керісінше, допты аз иеленген «Ордабасы» шабуылда анағұрлым нәтижелі болды. Александр За­руцкий қорғаған қақпаға 11 соққы жасап, соның бірін голға айналдырды. Ойынның 90-минутында алаңға қосалқы құрамнан шыққан Әмір Жасұлан Владислав Наумецтің дәл пасын баспен қақпа торына тоғытып, матч тағдырын түбегейлі шешті.

Осылайша, 2:0 есебімен жеңіс­ке жеткен шымкенттік команда 18 ұпай жинап, «Қай­ратпен» бірге турнир кестесінің көш басына шықты. Бұл жеңіс «Ордабасының» биылғы маусымда чемпиондыққа шын мәнінде үміткер екенін көрсетті.

л

Турдың өзге кездесулерінде мынадай нәтижелер тіркелді: «Каспий» – «Астана» – 1:0, «Жеңіс» – «Тобыл» – 1:0, «Атырау» – «Алтай» – 1:0, «Ұлытау» – «Елімай» – 1:0, «Қайсар» – «Жетісу» – 1:1, «Ертіс» – «Қайрат» – 0:1, «Қызыл­жар» – «Оқжетпес» – 0:1.

8-тур қорытындысы көрсет­кендей, биылғы чемпионатта бәсеке күшейіп, әр ұпай үшін тартыс қыза түскен. Ал «Орда­басының» сенімді ойыны мен жаңа басқару жүйесі коман­даның ұзақмерзімді табысқа бағыт алғанын аңғартады.

Астана – Шымкент – Астана