Үндістан мұнайды сонау Гайанадан жеткізбек. Бұл Оңтүстік Америкада орналасқан шағын мемлекет. Енді алыстан арбалағанша неге жақыннан дорбаламайды дерсіз? Өйткені президент Трамптың билікке келуі жаһандық энергетикалық шикізат нарығына көп өзгеріс әкелді. Ақ үй басшысы Үндістанды ресейлік мұнайдан бас тартуға мәжбүрлеп отыр. Осы кезде бір ЕСЕП-тен басты ойыншылар қарпып қалуға тырысады, әрине. Ал танкер Гайанадан аттанды деп айтқанымен, Үндістанға мұнайды сатқан америкалық компания. Бұл танымал Bloomberg басылымының дерегі. Осыған қарағанда президент Трамптың тағы бір ойын бастағаны байқалады.
Екі алып мұнай танкері өткен айдың аяғында Гайанадан жөнелтілді. Әрқайсысына 1 млн баррельден қара алтын тиеген су көлігінің біреуі мұхит арқылы Үндістанның шығысындағы Парадип портына, ал екіншісі батысындағы Мумбайға аттанды. Мұнда осы елдің ірі мұнай өңдеу зауыттары орналасқан. Бірақ екі танкер әуелі 18 мыңдай шақырымды жүріп, дөңгеленген дүниенің бір шетінен екінші шетіне 2 айда жетуге тиіс.
Джулиан Ли, Bloomberg басылымының мұнай нарығы бойынша сарапшысы:
- Olympic Lion танкері Гайананың Golden Arrowhead маркалы мұнайын апара жатыр. Бұл партияны Үндістан америкалық ExxonMobil компаниясынан сатып алған. Cobalt Nova танкеріне Liza және Unity Gold маркалы аралас мұнай тиелген. Бұл жүк желтоқсанның аяғында немесе қаңтардың басында жеткізілуі керек деген келісім бар.
Bloomberg басылымының дерегіне қарағанда бұған дейін Үндістан Ресейден тәулігіне 1,7 млн баррель мұнай алатын. Бірақ өткен айда АҚШ «Роснефть» пен «Лукойлға» санкция салды. Осыған дейін ресейлік мұнайды сатып алуын сылтау етіп, Вашингтон үнді тауарларына 50% баж салығын енгізген еді. Сондықтан Нью-Дели ресейлік шикізат тасымалын толық көлемде болмаса да, тежей тұруға мәжбүр. Сонау Гайанадан мұнай алдыртуының басты себебі де осы. Егер Үндістан одан мүлде бас тартса, өзге мұнайлы елдердің тасы өрге домалары анық. Таяуда Ирак санкциялардың құрсауында қалған «Лукойлдың» орнын басуға Америка мұнай компанияларын шақырған. Егер келісіп жатса, осы елдің оңтүстігіндегі ең ірі мұнай кен орны, яғни «Батыс Курнаны» игереді. Ал оның қойнауында қара алтынның 43 млрд баррель қоры бар.
Президент Трамп ресейлік мұнайдан бас тарту туралы мәселені жиі көтереді. «Мәскеудің табысын азайтып, әскери әлеуетін әлсіретеміз», – дейді. Алайда Украина мәселесін реттеу сылтау ғана тәрізді. «АҚШ Ресейдің саудасын тежеп, өз нарығына жол ашпақ», – дейді сарапшылар.
Десе де Мәскеу де қарап отырған жоқ. Таяуда солтүстіктегі көршіміз Бейжіңге барып, мұнай экспортын ұлғайту жөнінде келіссөз жүргізді.
Александр Новак, Ресей вице-премьері:
- Ресей Қытайға жылда 100 миллион тонна қара алтын экспорттайды. Бұл көрсеткішті арттыруға әлеуетіміз жетеді. Қытай өз ұстанымын өзгерткен емес. Бұл халықаралық энергетикалық саудаға саясатты араластырмай, экономикалық әріптестігімізді нығайтуға сеп болып отыр.
Президент Трамп санкция, тариф енгізіп, жаһандық шикізат нарығына көп өзгеріс әкелді. Бірақ бір нәрсе анық. Бүгінгі мұнай нарығы тек экономика емес, сондай-ақ үлкен саясаттың басты қаруына айналып отыр.
Авторы: Зайнұр Байжігіт