Онлайн сауда мен цифрлық қызметтерді баж салығынан босатса қалай болады? АҚШ президенті Дональд Трамп осы мәселені қолға алды. «Bloomberg» басылымының дерегі бойынша Азияға сапары кезінде Камбоджа, Малайзия және Таиланд басшыларымен арнайы келісім жасаған. Енді бұл елдер америкалық IT-компаниялардан баж салығын алмайды.

Осыған қарағанда өзгеге жоғары тариф саясатын ұстанатын Трамп кімнің сойылын соғып жүр деген ой туады. Екі ұшты сауда стратегиясын қалай түсінуге болады? Бұған өзгелер не дейді?

«АҚШ цифрлық экономикаға бет бұра бастаған сыңайлы. Ал Вашингтонның бұл стратегиясы оның онлайн саудадағы әлемдік көшбасшылық ықпалын айшықтай түседі», – дейді сарапшылар.

Д. Трамп кімнің сойылын соғып жүр?

Былтыр әлемде онлайн сауда мен қызметтер, яғни цифрлық экспорт 4 трлн 700 млрд долларға жетті. Алдыңғы көрсеткіштен 10% көп. Бұл әлемдік экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Бұрын мемлекеттер экспортты тауармен өлшейтін. Қазір негізгі табыс онлайн платформалар мен жасанды интеллект қызметтерінен түседі. Президент Трамп мұны жақсы түсінеді. «Американың цифрлық экономикаға бет бұра бастауының басты себебі де осы», – дейді сарапшылар.

Анупам Чандер, Джорджтаун университетінің профессоры:

- АҚШ-та көлік, болат, электроника секілді тауарлар тапшы. Яғни импорт көп, экспорт аз. Ал ақпараттық технология, қаржы, кино, цифрлық өнімдер бойынша Құрама Штаттар керісінше көш бастап тұр. Сондықтан Трамп тариф енгізіп, өзге елдерге тәуелділікті азайтпақ. Ал цифрлық салаға баж салығын салдырмай, нарықтағы ықпалын нығайтуға күш салып отыр. Қызығы, Трамп АҚШ-тағы тауар тапшылығын әділетсіз, ал цифрлық саладағы артықшылығын заңды деп санайды.

АҚШ E-сауданы баж салығынан босатпақ

Бұрын фильм, ойын немесе кітап елге тауар түрінде кіретін. Бұл үшін өндірушілер баж салығын төлейтін. Ал қазір бәрін онлайн жүктеуге болады. Шекарадан тауар өтпейді. Салдарынан көп ел миллиардтаған доллар кірістен қағылып келеді. Ал Amazon, Google Books, Apple секілді америкалық компаниялар керсінше табысқа кенеліп отыр. Яғни ақша шетелге кетеді. Бірақ оған салық салынбайды. Экономикалық тұрғыдан бұл бюджет үшін үлкен шығын. Сондықтан Еуропа елдері қарап отырған жоқ. Таяуда америкалық IT-компанияларға салық енгізді. Соның ішінде Франция тарифті екі есе көтереміз деп отыр. Сондай-ақ АҚШ-тан цифрлық деректер қауіпсіздігін күшейтуді талап етті. Ал Құрама Штаттар мұны арадағы алыс-берісті тежейтін кедергі деп санайды.

Эндрю Уилс, Халықаралық сауда палатасы бас хатшысының орынбасары:

- Егер әр ел жеке деректер базасын талап етсе, Google мен Amazon секілді алпауыттар шығынға батады. АҚШ-тың цифрлық үстемдігі әлсірейді. Президент Трамп жаһандық онлайн сауда мен цифрлық қызметтерді баж салығынан босатуға болатынына сенеді. Мұны Камбоджа, Малайзия және Таиланд басшыларымен келісімі негізінде көрсетпек.

Ал бұл сала тарифтен босатылса, АҚШ-тың цифрлық өнімдері әлемге кедергісіз тарайды. «Демек америкалық компаниялар шетелдік транзациялар мен деректерге бақылау орната алады», – дейді сарапшылар.

АҚШ-тағы IT-компаниялардың табысы

АҚШ-тағы IT-компаниялардың табысы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр Apple табысы 391 млрд, Google 350 млрд, Microsoft 245 млрд, Amazon 638 млрд, Meta 164 млрд долларға жетті.

Бірлестіктердің кірісі көп елдің жалпы ішкі өнімінен асып түседі. Ал Дональд Трамптың қайта президент болуына шабылғандардың ішінде осы технократтар да болған. Сондықтан алпауыт компания басшыларымен ым-жымы бір Ақ үй басшысы жаһанда ашық цифрлық кеңістік құруға бейілді.

«Яғни президент Трамп Құрама Штаттардың өндірісін қорғап қана қоймай, америкалық технологиялық алпауыттардың әлемдегі ықпалын арттыруға ұмтылып отыр», – дейді сарапшылар.