Қасым-Жомарт Тоқаев білім-ғылым саласына салынған инвестиция Қазақстанның жарқын болашағына қарай жасалған қадам екенін, алдымызда экономиканы жаңғырту, жаңа өндіріс секторларын қалыптастыру, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға енгізу және Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекет ретінде дамыту мақсаттары тұрғанын жеткізді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазақстан технологиясы озық ел болуға нық қадам басты. Бұл біздің жаңа ұлттық болмысымыздың аса маңызды бөлігі деп айтсақ, қате болмайды. Бүгін спикерлер жасанды интеллектінің жаһандық ортақ прогресті өрге сүйрейтін жаңа қозғаушы күш ретіндегі рөліне баса мән берді. Шын мәнінде, осы бірегей технологияның арқасында адамзат алға қарай қарышты қадам жасай алады. 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ІЖӨ көлемін 15 триллион доллардан аса ұлғайтады деп болжанып отыр. Бірақ жасанды интеллектінің дамуынан ең көп пайданы қай ел көреді? Бұл – өте қызық сауал. Оны терең зерделеп, сараптау қажет. Жауабы аса қиын көрінбегенімен, бұл мәселе адамзат келешегімен тікелей байланысты екенін мойындауымыз керек. Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту және басқа салалармен жан-жақты интеграциялау ең жоғары стратегиялық басымдық саналады. ЖИ сарапшылары мен мамандарын даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Осы мақсатта жыл басынан бері AI Sana бағдарламасын іске қостық. 540 мыңнан аса студент оқу курсынан өтті. Бұдан бөлек, жасанды интеллект барлық мектеп пен университетке міндетті курс ретінде енгізілді. Елімізде Жасанды интеллект университетін ашу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы қыркүйекте АҚШ-қа жасаған сапары кезінде OpenAI компаниясымен маңызды уағдаластыққа қол жеткізілгенін еске салды.

"Нәтижесінде Қазақстан ChatGPT негізінде білім беру құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыра бастады. Бұл бастамалар арқылы отандық білім беру саласында жасанды интеллект әлеуетіне сүйене отырып, кешенді цифрлық трансформация жасалып жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget