Әйелдер күресінен Сербияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Шұғыла Өмірбек 55 келіге дейінгі салмақта топ жарды.

Финалда ол түрік балуаны Туба Демирді 12:8 есебімен тізе бүктірді. Бұған дейін қазақстандық балуан Германия, Румыния және Молдова спортшыларынан басым түскен еді. 23 жасқа дейінгі әлем чемпионаты 2017 жылдан бері өтіп келеді. Шұғыла Өмірбек – осы жас санатында алтын медаль жеңіп алған тұңғыш қазақстандық балуан атанды. Қазір ел құрамасының қоржынында төрт жүлде бар, оның үшеуін бұған дейін грек-рим күресінің балуандары иеленді.