Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Ғабиден Мұстафин ауылында Нұра өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілді. Бұл туралы өңір әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Әкімдіктің мәліметінше, енді Теміртауға дейінгі жол үш есеге қысқарып отыр. Бұрын ауыл мен қала ортасындағы жол 40 шақырым болса, қазір бар болғаны 12 шақырымды еңсеріп, Теміртауға жетуге болады. Бұл жол – бұрынғыдан жылдамырақ, қолайлы әрі қауіпсіз.

"2015 жылғы су тасқынынан кейін ауылымызда жаңа көпір салу мәселесі өткір тұрды. Біз бұл қажеттілікті дәлелдеп, түрлі мекемелерге жүгіндік. Бүгін, міне, көптен күткен қуанышты күн туды. Құрылыстың басынан аяғына дейін куә болдық.

Бұл көпір – біздің өмір жолымыз іспетті. Бұрын Теміртауға бару көп уақыт алатын, енді жол әлдеқайда жеңілдеді", — дейді ауыл тұрғыны Татьяна Загурная.

Жаңа көпір. Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Көпірдің құрылысы үш жылға созылған. Ұзындығы 150 метр болатын нысан толықтай асфальтталып, заманауи стандарттарға сай салынған. Бұрын пайдаланылып келген жаяу жүргіншілер көпірі алдағы уақытта бұзылады.

Ал жаңа көпірдің іске қосылуымен ауылға қоғамдық көлік қатынай бастайды. Бұл жергілікті тұрғындардың қалаға қатынауын едәуір жеңілдетеді деп күтіліп отыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз