Елімізге келетін туристер қатары артып келеді. Шетелдіктер тұмса табиғат аясында дем алу үшін ғана емес, жанына дауа табу үшін де біздің жерге ат басын бұрады екен.
Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы 5 жылда Қазақстанға келген медициналық туристер легі 5 есе көбейген. Расымен солай ма?
Шетел азаматтары арасында Қазақстанның денсаулық сақтау саласына сенім жоғары. Мұны әлгінде өзіңіз айтқан ресми статистика растайды. Енді осы тақырыпты әрмен өрбітсек.
Қазақстанға дертіне ем іздеп келетін саяхатшылардың саны күрт өсті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова халықаралық конференцияда айтты. Оның сөзінше, соңғы бес жылда медициналық туристер ағыны 5 есе көбейген. Атап айтсақ, Қытайдан келетін азаматтар саны 24 есе, Үндістаннан – 40 есеге артқан.
«Сонымен қатар Түркиядан келушілер легі үш есе өскен. Бұл елдегі медициналық қызмет сапасын арттыру, емдеу мекемелерін халықаралық стандарттарға сай жабдықтау мен туристерге қолайлы жағдай жасаудың жемісі», — дейді ведомство басшысы.
Қазақстанға келетін медициналық турист саны 5 есе өсті
Қытай — 24 есе
Үндістан — 40 есе
Түркия — 3 есе өсті
Шымкент емдеу ісінде көш басында тұр. Мегаполис ауруханаларында былтырдың өзінде шетел азаматтарына 150-ге тарта аса күрделі операция жасалған . Олардың дені нейрохирургия, кардиохирургия, трамвтология және таранс-плант-ологиялық ота. Дертіне шипа тапқандардың дені Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей мен Швейцариядан келген. Жергілікті дәрігерлер 10 жылдан бері ағза трансплантациясымен айналысады . Осы мерзім ішінде бүйрекке жасалған 200-ден астам отаның 95 пайызы сәтті аяқталып, науқастардың өмірі ұзарған. Медициналық туризмнің дамуына емдеу ісіне инновациялық технологиялардың енгізілуі серпін берді. — дейді ақ халаттылар. Бүгінде ауруханалардың озық құралдармен жабдықталуы 87 пайыздан асқан. Жыл сайын 150-ге жуық маман тұрақты түрде Литва, Ресей, Түркия елдерінде біліктілігін арттырады.
Марат Құлмұрзаев, дәрігер-нейрохирург:
- Науқастар көбінесе Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінен келеді. Келетін науқастардың диагнозы нейрохирургиялық диагноз. Инсульттен кейінгі жағдай, миды қоректендіретін тамырлардың іштен бітеле бастауы, атеросклероз. Оған қосымша бас миындағы ісіктер, қиын жерде орналасқан ісік болады. Оған жақсы микроскоп, тәжірибелі маман талап ететін жағдайда олар таңдау жасап, бір-бірінен естіп, осында ота жасатып кетіп жатыр.
Астанадағы Ұлттық нейрохирургиялық орталық та туристер үшін тартымды болып тұр. Мұнда жылына 50-ден астам шетел азаматы емделеді. Дәрігерлер жыл сайын аса күрделі 5 мыңнан аса ота жасайды. Басым бөлігі — ми ісіне. Заманауи орталық соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақтанған. Қазір мұнда 150-ге жуық дәрігер болса, соның 40-тан астамы нейрохирур.
Дональд Валлис, науқас:
- Мен агроөнеркәсіп саласында өмір бойы еңбек етіп келемін. Қазақстанға алғаш рет 33 жыл бұрын келдім. Кейінгі жылдары аяғым сыр берді. Жағдайым күннен күнге күрт нашарлаған соң, осы орталыққа жүгіндім. Дәрігерлер дереу магниттік-резонанстық томография жасап, аурудың себебін анықтады. Соған сай ем шара жүргізді. Мұндағы ақ халатты абзал жандардың кәсібилігіне тәнті болдым.
Нұрәли Әшіров, дәрігер-нейрохирург:
- Бізде мақтанарлықтай гамма-пышақ аппараты бар. Ол Орталық Азия бойынша жалғыз аппарат. Көбіне бас миы ісігінде қолданамыз, сондықтан кейбір науқастар соны тауып, емі жасалатын біліп, бізге келеді.
Иә, елде медициналық туризмнің әлеуеті зор. Мұны әлгіне айтқан стастика растайды. Сондықтан оны дамыту алдағы уақытта да басым бағыт болып қала бермек. Дәл осы тақырып елордада өтіп жатқан ауқымды форумда талқыланды. Іс-шараға мемлекеттік органдар, медициналық орталық мамандары және халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Форум аясында саламатты қоғам қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаузалды. Ал медициналық туризмді дамыту мақсатында Туризм және Денсаулық сақтау министрліктері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.