Ұлттық нейрохирургия орталығы әлемдегі таңдаулы медициналық ұжымдардың алдыңғы легінде аталады. Себебі мұнда жыл сайын 5000-нан астам операция жасалып, сырқатына шипа іздеген жандардың жүрегіне шуақ сыйлайды. Мақтанышпен айтар жайт, елімізде алғаш рет нейрохирургияның ілкімді бағыты саналатын микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалдық нейрохирургия салалары да өріс алды. Осыдан 20 жыл бұрын жерлестеріміз шетелдің алдыңғы қатарлы нейрохирургиялық орталықтарында операция жасатса, бүгінде дамыған елдердің де азаматтары Астанаға ат байлап, сырқатына шипа табады. Ұлттық нейрохирургия орталығында 17 жыл ішінде 70 мыңнан астам науқасқа ем жүргізіліп, 50 мыңнан астам операция жасалған. Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы Серік Ақшолақовпен дидарласып, ол жетекшілік ететін іргелі ұжымның тыныс-тіршілігі, даму үдерісі туралы әңгіме өрбітудің орайы туды.

– Серік Қуандықұлы, нейрохирургия саласы инновациялық құрал­дармен толыққанды жаб­дық­­талған ба? Бүгінгі әлеуеті қалай?

– Бірден орталықтың қазіргі тынысынан бастайын. Жыл са­йын жүйке жүйесінің ең күрделі патологияларымен науқастарға шамамен 5000 операция жасалады. Елімізде алғаш рет нейро­хи­рургияның түбегейлі жаңа бағыт­тары – микронейрохирургия, эндо­васкулярлық, эндоскопиялық және функционалдық нейрохирургия салаларымен де сырқаттарды емдеп, операция жасай аламыз. Орталықта 80 жаңа медициналық технология енгізіліп, соның арқа­сында жоғары технологиялық ем елімізде қолжетімді болды. Орталық ашылғанға дейін жоғары технологиялық медициналық көмекті қажет ететін науқастар­дың 80%-ы ел ішінде мұндай ем-домға қолы жете алған жоқ. Әсіресе эндоваскулярлық және хирургиялық әдістер арқылы ми тамырлары ауруларын емдеу басталып, аневризмалар, артериовеноздық мальформация­лар және басқа да күрделі патологияларды емдеу ісі де оң нәтиже берді. Бұл бағытта жасалған операция саны – 8000-нан астам. Клиникада эндоскопиялық әдіс­пен емдеу тәсілі де кеңінен қол­данылып келеді. Оның ішінде эндоскопиялық трансназальды тран­скраниальды бас сүйек негізіне қолжетімділік, нейронавигациялық жүйені, интраоперациялық мо­ниторингті қолдана отырып микро­хирургиялық операциялар бар. Осы әдіспен жалпы 11 000-нан астам операция жасалды.

Ұлттық орталықтың тағы бір ірі бағыты – омыртқа мен жұлын ауруларын хирургиялық емдеу. Арнайы бөлімшеде заманауи реконструктивтік операциялар жасалып, үмітсіз деп саналатын науқастардың өздері аяқтан тұруға мүмкіндік алды. Барлығы – 13 000-нан астам науқасқа операция жасалған.

а

– Омыртқа арасына титан салып бекіту тәсілі қаншалық­ты тиімді? Адам ағзасы металды жатырқамай ма?

– 2018 жылдан бастап орта­лықта омыртқа ауруларына қол­да­нылатын заманауи технологияны дамытуға басымдық беріп келеміз. Жалпы, қатерлі ісік деген кесел асқынғанда метастазаға айналады. Обыр ауруы ағзаларға тез жайылып, науқастың жағдайын бір­ден нашарлатып жібереді. Омырт­­қа­ны емдеу кезінде яғни рекострук­тивті емдеу шарасын жүргізуге көп уақыт кетеді. Ал араны ашылған ауру күтіп тұрмайтыны белгілі, сәт сайын асқына түседі. Ойласа келе, біз омыртқаға ем жүргізіп уақыт жоғалтқанша, дәл сол омыртқа пішіндес жасанды сүйек формасын титаннан жасап орнату тиімді екеніне көз жеткіздік. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясымен әріптестік байланыс орнатып, бірнеше жылдан бері тізе қосып жұмыс істейміз. Осы орталықтың мамандары 3D аппаратпен титаннан омыртқа пішінін жасайды, біз инновациялық металл-омыртқаны науқастарға саламыз. Тереңдей ұғындырғанда сырқат кеміріп, әбден мүжілген омыртқаны ұзақ уақыт емдеп, операция жасағаннан гөрі оны жігінен ажыратып алып тастап, орнына титаннан жасанды омыртқа орнатқан, яғни имплант әлдеқайда тиімді. Клиникалық экспериментальды жұмысты бірден тәжірибеге енгі­­зуге рұқ­сат етілмейді. Оның нәти­же­­сін шетелдің алдыңғы қатарлы меди­циналық орталығында тексерту талабы бар.

3D басып шығару технологиясымен омыртқа сүйегін жеке имплантпен алмастыруға бағытталған клинико-экспери­менттік жұмыстарымыз нәтижелі аяқталды. 4 науқасқа операция жасалып, имплант сәтті қол­данылды. Жоба «Ghalam» компаниясымен және Германияның Ульм қаласындағы травматология және биомеханика институтымен бірлесіп іске асырылды. Бұл ілкімді жобаның нәтижесі Астанада өткен Конгресте айтылды. Қазіргі таңда әдісті коммерциялық бағыт­та тәжірибеге енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Омыртқаға имплант салудың арқасында аяғынан сал болып жүріп-тұруы мұңға айналған сырқат жандардың табанына жан бітіп, қимыл-қозғалысы жақсарды, тіпті өздігінен нық басып адымдайтын деңгейге жеткендері де бар.

– Төрт жыл бұрын осы орталықта іске қосылған гамма-пы­шақтың артықшылығы қан­дай?

– 2021 жылы маусым айында орталықта стереотаксистік ра­диохирургияға арналған зама­науи гамма-пышақ кешені іске қосыл­ды. Ол – Орталық Азиядағы жалғыз ­аппарат. Сонымен қатар ми ісіктерін, тамырлық әрі функ­ционалдық ауруларды радио­хирургиялық емдеудің «алтын стан­дарты» саналады. 2000-нан астам жерлесіміз бен шетелдік нау­қастардың да гамма-пышақ­пен жасалған емнен кейін денсау­­лы­ғы жақсарды. Көршілес елдер­ден келетін науқастардың саны артып келеді. Мұның артықшылы­ғы – ісік көлемі шағын болса, қан тамырлары қысылса, ешқан­дай операция жасап науқасты кеспей гамма-пышақ арқылы емдейміз. Орталық Азиядағы бес мемлекеттің ішінде тек бізде ғана гамма-пышақ бар дедік қой. Соның нәтижесінде медициналық туризмнің де тамырына қан жүгіріп, түсетін табысқа да едәуір септігін тигізіп отыр.

– Халықаралық қауымдас­тықтармен байланыс та нығайып келеді екен. Оған жуырда елордада өткен Дүниежүзілік конгресс кезінде тағы да көз жеткізе түстік.

– 2010 жылы құрылған Қазақ ­нейрохирургтер қауымдастығы бү­гінде Дүние­жүзілік нейро­хи­рур­гиялық қоғам­дар федерация­сы­ның, Еуро­па­лық және Азия нейрохирургтер қауымдастығына мүше.

Астанада әлемдік деңгейдегі ғылыми іс-шаралар үнемі ұйым­дастырылады. Мұның бар­лығы да біздің медицина өрісін, оның ішінде нейрохирургиядағы жетіс­тіктерімізді әйгілеп, тәжіри­бемізді шыңдай түседі. Азия нейрохирургтерінің Х конгресін Астанада өткіздік. Оған 56 мемлекеттен 700-ден аса нейрохирург дәрігер келді. Осы жиын кезінде Астанадағы ұлттық нейрохирургия орталығы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның жас нейрохиругтерін даярлайтын ұжым деп танылды.

Жақында өткен Walter E.Dandy атындағы дүниежүзілік кон­грестің мерейтойлық Х жиыны ел­ор­дада ұйымдастырылуы ай­рық­ша маңызға ие. 20 елден 400-ден­ астам делегат қатысты. Олар­дың қатарында АҚШ, Еуропа мен Азия елдерінің білікті нейро­хи­рургтері бар. Walter E.Dandy атындағы нейрохирургиялық қауымдастық 2011 жылы АҚШ-та құрылған. АҚШ-тан Walter E.Dandy нейрохирургиялық қауымдастығының президенті Saleem Abdulrauf келді. Мұндай конгресте әлемнің жетекші ней­рохирургтері заманауи жетіс­тік­тер мен инновациялар жайын талқылап, өзара пікір алмасады, тәжірибесін бөліседі. Астанада өткен конгресте 30-дан астам әлемге танымал ғалымдар баяндама жасады. Олардың ішінде академик Александр Коновалов (Ресей), профессор Леонид Лихтерман (Ресей), профессор Memet Ozek (Түркия), әйгілі дәрігер Noor ul Owase Jeelani (Ұлыбритания), Piero Picozzi (Италия), Esper Cavalheiro (Бразилия), Luan Guoming (Қытай) сынды әлемге әйгілі нейрохирург­тер бар. Осы конгресте біздің нейрохирургтеріміздің ғылыми-клиникалық жетістіктері таныстырылды. Екі күндік бағдарлама­да 40-тан астам ғылыми баянда­ма мен пікірталас өтті. Инновация­лық әдістер, радиохирургия, күр­делі тамырлық және онколо­гия­лық патологияларды емдеу, функ­цио­налдық және балалар нейро­хирургиясының қадау-қа­дау мәселесі көтеріліп, шешу жолдары айтылды. Конгреске қатыс­қан мәртебелі меймандарды Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылдап, салиқалы кездесу болды. Президент форумда: «Қазақстан нейрохирургиясының жоғары жетістіктерінің дәлелі» деп атап өтті.

Walter E.Dandy қауымдас­ты­ғы­ның дүниежүзілік конгресін Астанада өткізу – Қазақстан ней­ро­хирургиясының халықаралық дең­гейде мойындалуының ай­ғағы. Бұл – білім беру, тәжірибе алма­­су, сондай-ақ технология­ларды ен­гізу мен күрделі нейро­хирургия­лық ауруларды емдеу­де маңызды қадам. Елімізде ней­ро­хирур­гия саласы әрқашан мем­лекеттің қам­қорлығында еке­ні­не шетелдік мама­ндар тағы да көз жеткізді. Мемлекет басшысы­ның ұсынысымен құрылған «Қазақстан халқына» қорының қаржылай демеуімен біздің орталықта енді гибридтік операция жасау кешені салынады. Медицина өрісінде де технологияның дамығаны сондай, бір мезетте науқасқа екі операцияны қатар жасауға болады. Мәселен, науқастың басында ісік бар делік. Оны сылып алып тастау кезінде көп қан жоғалтады. Ал пациенттің қайта қалпына келуі үшін аз уақыт кетпейді. Гибридті операция жасалса, екі бірдей топ қатар кіріседі. Бірінші топ қан тамырын бекітіп, қанның ақпауын тоқтатып береді, іле екінші бригада бірден ісікті алып тастауға кіріседі. Бұрын қалай еді? Бұрын қан тамырды бекіту үшін бір операция өтетін, араға уақыт салып екінші рет науқас тағы да әуреленетін. Көрдіңіз бе, гиб­рид­тік операция жасау өте тиім­ді. Халықтың тегін медициналық ем-дом алуы­на яғни операция жасауға мемлекеттен бөлінетін қаражат та үнемделеді, пациент те екі рет пышаққа түспейді. Осы арада айта кетер жайт, мемлекет өз халқының ем алуына барлық жағ­дай жасап отыр. Біздің орталық­та да ел азаматтарына жасалатын операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы жүзеге асырылады.

– Ғылым саласындағы өрісіміз қаншалықты кеңейіп келеді?

– Ұлттық нейрохирургия орта­лығында 10 ғылыми жоба жүзеге асырылды, 10 патент алынды, 20 монография, 21 әдістемелік нұс­қаулық шығарылды, 700-ден ас­там мақала жарияланды. Оның ішін­де 76 ма­қала Web of Science, Scopus базаларына енгізілді. Сон­дай-ақ орта­лық жүйке жүйесі ісік­те­рінің биобанкі құрылды. Бұл ха­лық­аралық ғы­лыми зерттеулер жүр­гізуге, жаңа клиникалық жаңа­лықтар ашуға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министр­лігінің қолдауымен, Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитеті депутаттарының бас­тамасымен Денсаулық ко­­дек­с­­іне өзгеріс енгізілді. Соның нә­тижесінде ұлттық ғылыми ме­дициналық орталықтарда про­фильді докторантура мамандар­ды қабылдап, даярлауға мүмкіндік берілді. Ұлттық нейрохирур­гия орталығында неврология және ­нейрохирургия кафедра­сы ашылып, медициналық жо­ғары оқу орнын бітіріп келген жас мамандардың білік­ті­лігін же­тіл­діріп, ғылыми бағытта ізденісін арт­тыруға мүмкіндік туғызып отыр. Кафедрада резиденттер, жас ней­рохирургтерге білім беріледі.

– Елімізде нейрохирургия саласында мамандар жеткілікті ме?

– Еліміздегі нейрохирургия қызметін Ұлттық орталық пен 39 облыстық және қалалық аурухана жанындағы 51 бөлімше атқарады. Орталық омыртқа және жұлын хирургиясы, нейроонкологиядағы микронейрохирургия, геморрагия­лық инсультті аз инвазивті емдеу, ми мен омыртқаға эндоскопия­лық операциялар бойынша 69 тех­но­логияны өңірлерге енгізді. Мың­даған науқас өңірлерде осы емді алды. Сонымен қатар санитарлық авиация арқылы шұғыл көмек, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, аймақтарға консультациялық көмек пен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып келеді. Жылдар бойы 100-ден астам өңірлік іссапар, 100-ден астам операция жасалды.

Осыдан 17 жыл бұрын Астана қаласынан Ұлттық нейрохирургия орталығын ашқандағы бас­ты мақсаттың бірі – бәсекеге қабілетті жас мамандарды даярлау еді. Бүгінге дейін резидентура бағдарламасымен 92 түлек – 65 нейрохирург пен 27 невролог даярланды. Қазір тағы 42 резидент білім алып жатыр. 2 400-ден астам маман біліктілігін арттырды, 80-нен астамы қайта даярлау­дан өтті. 50-ден астам шеберлік сабағы өткізіліп, оған 1 100-ден астам тыңдаушы қатысты. Осындай жұмыстың нәтижесінде жауапкершілігі жо­ғары, өте күрделі операцияларды жасайтын жас нейрохирургтер шоғыры қалыптасты. Ұлттық нейрохирургиялық орталықта күр­­­делі деген кейбір операция­ны ма­­ған қаратпай-ақ білікті де білімді жас мамандар өздері жасай береді. Өңірлерде де кадр тапшылығы жоқ, аймақтарда бі­лікті нейро­хирургтер, жұмылған жұдырық­тай бірлігі бекем ұжым бар. Егер осы ынтымақты ұжым болмаса, бір нейрохирург бір ­жыл­да 5 мың операция жасай ала ма? Әрине, жоқ! Ұлттық нейрохи­рургия орталығында алты бөлімше бар. Бұлардың әрқайсында білікті мамандар жұмыс істейді. Ми­дағы ісікті сылып тастауды шебер меңгергендердің бөлімшесін­де, жұлын, омыртқа аурулары­на ем жасайтын нейрохирургтер бөлімшесінде, қан тамырлары мен функционалдық ауруларды емдейтін топ шоғырланған бөлімшенің де мамандары жоғары санатты дәрігерлер. Кейінгі жылдары біздің орталықта паркинсон ауруын хирургиялық емдеу тәсілі бір ізге түсіп, 600-ден астам операция жасалды. Эпилепсияға шалдыққандарды да дәл осындай жолмен сырқатынан айықтыру қарқын алып келеді. Бүгінде мұн­дай науқастарға 500-ден астам операция жасалды. Балалар нейрохирургиясы бөлімінде жаңа туған нәрестелерге ми патологияларын емдеу жасалып, эндоскопиялық операцияларға басымдық беріледі. Сонымен қатар минималды ин­вазивті әдістер арқылы ем-шара бөлімшесі ашылды. Кейбір операциялар жеңіл өтіп, науқасты орталықта ұзақ ұстамай бірер күнде үйіне қайтаруға болады. Міне, сондай аса күрделі деп саналмайтын операциялар осы шағын инвазивті бөлімшеде жасалады. Оңалту бөлімшесі де бар. Бізге көбінесе аймақтардан келетін науқастардың үлесі басым. Әрине, оларға күрделі операция жасаған соң бірден үйіне жібере алмаймыз. Тағы бірнеше уақыт бақылауда, дәрігерлердің қадағалауында болуы үшін осы оңалту бөлімшесіне ауыстырылады. Мұның барлығы да мемлекеттің ел азаматтарына деген орасан қамқорлығының белгісі.

Орталық тек жерлестерімізге ғана емес, шетелдік науқастар­ға да көмек көрсетеді. 17 жыл ішін­де 500-ден астам шетел азаматы ем алды. Олардың қатарында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Әзербайжан, Украина, Грузия, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Нигерия, Канада, Беларусь және басқа ел­дер­дің азаматтары бар.

Гамма-пышақ аппараты іске қосылған­нан бері көрші елдерден келетін науқастар көбейді. Осы­ған байланысты аймақ елдеріне медициналық көмек көрсету үшін үкіметаралық келісімдер де жасалып жатыр. Мұның барлығы медициналық туризмнен келетін табысты еселей түседі.

– Ілгерідегі бір сұхбатыңыз­да 5 мыңнан астам операция жаса­ға­ныңызды айтып едіңіз. Сұрағым кел­гені, есте қаларлық, таңғажайып оқиға­ға толы операцияны бастан өткердіңіз бе?

– Біздің орталықта ТМД кеңіс­тігінде алғашқылардың бірі болып жүкті әйелдерге – ана мен баланы аман алып қалу мақсатында ерекше операция жасалды. 2008 жылы жүктілігінің 9 айы кезінде аневризмасы жарылған әйелге бір мезгіл­де операция мен босандыру қатар жүргізілді. Бүгінде ана мен бала дені сау. Пациенттің құрсағына біткені тұла бойы тұңғыш баласы екен. Айы-күні жақын қалғанда инсульт алып, басындағы ісік жарылып кетеді. Перзентханадағы дәрігерлер не бала аман қалады болмаса анасының жанын алып қалу үшін іштегі сәбидің өміріне қатер төнетінін біліп қатты алаңдайды. Біздің орталыққа хабарласып, пациентті жеткізді. Сын сәтінде бізге зор жауапкершілік жүктелді. Екі бірдей ғұмырдың тағдыры дәрігерлердің қолында. Іргелес қоныстанған «Ана мен бала орталығының» білікті маманда­рын шақырып кеңес өткізіп, тәуекел­ге бардық. Елімізде тұңғыш рет нау­қасқа екі бірдей операция бір мезетте жасалды. Акушер дәрігерлер жатырдағы нәрестені аман-есен жарық дүниеге әкелген сәтте біз­дің бригада бас мидағы тамырдың жарылған бөлігін алып тастады. Кейін науқас жансақтау бөлімінен палатаға ауысқанда «Мен сізді танымадым, бірақ маған екі бірдей өмір сыйладыңыз» деп қолымды қысып алғысын айтты. «Мен де сіз­ді танымаймын, алайда біздің ар алдындағы парызымыз – науқастың сырқатынан айықтыру» деп жа­уап қаттым. Қазір сол нәресте түбіт мұрты тебіндеп жігіт болды, анасы екеуі орталыққа келіп тұрады.

Әртүрлі мерзімдегі жүктілік кезінде әйелдерге ми мен жұлын патологияларына операция жаса­лып, пациенттің де құр­сағын­да­ғы шарананың да өміріне қатер төндірмей жүзеге асырған мұн­­­дай операцияларды ойласам, жүре­гім­ді қозғап жібереді. Дәрігер­лер де жұмыр басты пенде. Кейде таңнан кешке дейін табаның­­нан тік тұрып операция төсегінде жатқан науқасқа жасаған операция сәтсіз болғанын көргеннен асқан ауыртпалық жоқ. Жаның­ды жегідей жейді. Бірақ боркемік­те­ніп отыра беруге мүлде болмай­ды, ертеңіне тағы да жауапкершілігі ­зор операция күтіп тұрады. Өмір­дің ағысы осындай.

Әңгімелескен –

Қуат ӘУЕСБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»