Шығыс Қазақстан облысы Белоусовка кентінің тұрғындары ауызсудан тапшылық көріп отыр, деп хабарлайды 24kz.

Жеті жыл бұрын су құбыры жүргізіліп, қолданысқа берілген. Алайда желіде жиі апат болып, су тоқтап қалады. Жалпы кентте әлеуметтік мәселе аз емес. Медициналық қызмет сапасы көңіл көншітпейді. Жолдың жайы тағы бар. Облысқа сапармен барған Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжановқа тұрғындар ауылдағы проблемалар туралы айтты.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Кентте осыдан 7 жыл бұрын 2 миллиард теңге бөлініп, су құбыры жаңартылған еді. Алайда халық тіршілік нәрінен әлі тарығып отыр. Өйткені сапасыз желінің әр жерінен ақау шығып жатыр. Тәуліктің қай уақытында ауызсу тоқтайтынын ешкім білмейді.Сондықтан алдын ала қамданып, ыдыс-аяқты толтырып алады. Ал су берілген күннің өзінде қырда тұрған үйлерге қысым жетпей қалады.

Александра Феодотова, ауыл тұрғыны:

- Түнгі 12-де су тоқтап қалады. Бірден арнайы мекемедегі жұмысшыларға хабарласамыз.Олар: «Таңғы бесте қосамыз, бірақ сендерге жеткенше әлі төрт сағат күту керек», - дейді. Күн сайын осындай жағдай деуге болады.

Биыл 170 млн теңге бөлініп, жаңа желі жөнделіп жатыр. Ауызсудан бөлек, тұрғындар медициналық қызмет сапасына қатысты мәселені де көтерді. Жекенің меншігіндегі ғимаратты жалға алып отырған ауыл емханасы өте тар.

Анатолий Ташниченко, кент әкімі:

- Емхана ұжымы қазіргі ғимаратты жалдап отыр. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжат өңделіп жатыр. Алдағы уақытта алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы салынады деп жоспарлап отырмыз.

Мәжіліс депутаты тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтты.

Асхат Рақымжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әрине, ең бастысы, ауызсумен жабдықтау мәселесі болып тұр. Тұрғындарды әбден қажытқаны байқалады. Денсаулық сақтау саласы бойынша да шешетін сұрақтар көп екен. Сонымен қатар ауылдықтар осы елді мекендегі жолдың жөнделуін де асыға күтіп жүр.

Жол демекші, Белосуовкада 72 көше, 100 шақырым жол бар. Былтыр 175 миллион теңге бөлініп, 3 шақырымы орташа жөнделді. Ал биыл 2,5 шақырым жолды тегістеу жұмыстары ғана жүргізілді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов