Түркістан облысы Шаян ауылының тұрғыны осы құстың төрт түрін өсіреді.

Оның екеуі ет бағытында болса, қалғаны жұмыртқа шығарады. Айтуынша, бөдене шаруашылығы – көп күтімді талап етпейтін мол кәсіп.

Бәйдібек ауданы тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі — ауыл шаруашылығы саласы. Басым бөлігі мал бағып, егін салумен айналысады. Шағын және орта кәсіп те дамып келеді. Жалғас Жаханшаев үй жағдайында бөдене өсіріп, кәсіптің жаңа түріне түрен салды. Ол былтыр 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, жұмыртқа бастыратын аппарат пен құстың жем-шөбін сатып алған. Қазір бөденеден екі түрлі бағытта өнім алып жатыр.

Жалғас Жаханшаев, кәсіпкер:

- Ет және жұмыртқа бағытында түседі бұлар. Мендегі қазір Манжур, Эстон, Англичан, Техас деген тұқымдар бар. Техас жұмыртқа бағытына, ет бағытына да кетеді. Манжур деген тек қана жұмыртқа беріп отырады. Халық қазір көп тұтына бастады. Етті де көп сұрап жатыр. Сол себепті қорамызды үлкен шаруашылыққа айналдырсақ деген оймыз бар.

Жеке кәсіпкер бөдене басын көбейтуді көздейді. Себебі сұраныс көп. Арнайы инкубаторлық аппаратқа бөдене жұмыртқасын салып, екі аптада балапан аштырады. Құрылғы арнайы термобасқару, климатты реттеу, тіпті ылғалдылықты қосып не азайтуға да қауқарлы. Дәл қазір құрылғыда 1500 данаға жұмыртқа орналастырылған.

Жалғас Жаханшаев, кәсіпкер:

- Айтатын болсақ, бұл инкубатордың өзінің термобасқаруы болады. Бұны кнопка арқылы күнделікті температурасын, ылғалдылығын тексеріп отырамыз, бірінші күннен бастап. 16 күнге дейін осы термобасқарумен реттеп отырамыз. Бақылауда болады. Бұның сыйымдылығы 3 мың бөдене жұмыртқасын салуға болады.

Былтыр Түркістан облысы бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1779 адамға грант берілді. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен атаулы көмек алушылар. Талап бойынша грант иегерлері өндіріс саласы, техникалық қызмет көрсету, мал, құс шаруашылығы, көкөніс өнімдері, қолөнер бұйымдары мен тамақ өндірісі бағытында кәсіп ашқан.

Абзал Қазанқапов, облыстық "еңбек мобильділігі орталығының" директоры:

- Ағымдағы жылдың маусым айының 10 мен 12-сі аралығында 1-лек өтіп, 859 азаматқа грант берілді. Қазір жаңа бағыт бойынша құс шаруашылығы, бөдене өсіру, үндік, балық шаруашылығы, туризм бағытында магнит шығару, кәдесыйлар, қолөнер бұйымдары шығаратын салалар дамып жатыр. Екінші лек тамыз айының 11-22 аралығында құжаттар қабылданады. Осы Еңбек бизнес порталында электронды түрде жүргізіледі.

Екінші лек бойынша тағы 934 адам қайтарымсыз грантқа ие болады. Бұрынғыдай емес, қазір тұрғындар қаржы алғаннан кейін кәсіп ашу керектігін түсіне бастады, дейді мамандар. Талап пен жауапкершілік күшейгендіктен ниеттілердің саны азайған. Мәселен, былтыр 110 адам қаржыны мақсатсыз жұмсап, мемлекетке қайтаруға мәжбүр болған.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш