Жаңа технологияның арқасында жетісулық шаруаның егістігін биылғы қуаңшылық айналып өтпек. Тамшылатып суарудың жаңа тәсілін қолданғандықтан диқанның еккен күнбағысы бітік шыққан. Заманауи суғару жүйесін құрастырған ол құм ішінде 200 гектар жерді игеріп отыр. Шаруаның тыныс- тірлігімен Дамир Нұрмұхамет танысып қайтты.

Дамир Нұрмұхамет, тілші:

Енді техниканы жүргізу үшін қос қолдап рөлді ұстап, қара терге түсудің еш қажеті жоқ. Қашықтан-ақ жүздеген гектар жерді оп оңай игеруге болады. Ол үшін мынадай планшетке бағытты белгілеп, жұмысты тапсырсаңыз болғаны.

Қуат Қибат бетпақ даланың ортасында егін егіп еңбектің ебін тапқан жан. Жаңа техниканы қолданып, өнім аламын деген сөзіне алғашында ешкім сене қоймапты. Көптің күмәнданғанына қарамастан егінші, тәуекелге бел байлап, тұқым сепкен.

Қуат Қибат, қожалық иесі:

Бізбен бірге келген осының барлығы. Бізбен бірге шашылған. Шаруаларға бірақ оларға су жетіспеді биылғы жылы. Біздікі жай ғана тамшылап тұрады бір жерге. 8 сағат қоямыз. 8 сағаттан кейін ауыстырып отырамыз. Күніне 24 гектар ғана суарамыз бұнымен.

Диқан заманауи техниканы қолданған Жетісу облысындағы алғашқы адам. Айтуынша, құрылғысы 4 түрлі жұмысты атқарады. Бөлшектерін Қытайдан алып өзі құрап шыққан. Шаруа қожалығындағы бұл жалғыз жаңа технология емес. Суару жұмыстары үшін де су ресурстарын үнемдейтін арнайы аппарат қолданылады. Ал егінді дәрілеуге алып, дрон ұшырады. Қызығы, барлық техниканы тек бір батырмамен басқаруға болады, — дейді.

Нұртай Жұмағали, инженер:

Бұл дрондардың басты ерекшелігі, анағұрлым тиімді. 50 км сағатына жылдамдықпен ұшады. 2 литр препаратқа 5 литр ғана су қосылады. Бір түннің өзінде 200-300 гектар жерді игеріп тастауға болады.

Бел жазбай еңбектеген диқан биыл әр гектардан үш тоннаға дейін өнім алуға үмітті. Күнбағыстың нарықтағы бағасы келісіне 900 теңге. Жаңа құрылғылары сынақтан сәтті өткен. Ендігі егістік алқабын 2000 гектарға дейін үлкейтемін деп жоспарлап отыр.

Дамир Нұрмұхамет