Қаржылық мониторинг агенттігі Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ның лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тергеу барысында аурухананың бас есепшісі медициналық кереуеттердің сатып алу бағасын үш есеге көтеру арқылы мемлекет қаржысын жымқырғаны белгілі болды. Жоғары бағаны көздеген ол жұбайы дайындаған жалған баға ұсыныстарын қолданыпты. Өткізілген тендердің нәтижесінде серіктестік пен аурухана арасында жалпы құны 259 млн теңгеге 220 медициналық кереует сатып алуға шарт жасалған. Шартта бір кереуеттің бағасы 1,2 миллион теңге деп көрсетілген. Бірақ шын мәнінде оның нақты сатып алу бағасы 460 мың теңгеден аспаған, яғни көрсетілген бағадан үш есе арзан болған. Осылайша негізсіз қосылған шығын көлемі 129 млн теңге болды.

Тергеу барысында күдіктілердің 111 млн теңге тұратын мүлкіне тыйым салынып, мемлекетке келтірілген 129 млн теңге көлеміндегі залал толық көлемде өтелді.

Бас есепші 2 ай мерзімге қамауға алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.