Түркістан облысының Төлеби ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Біркөлік аймағында ұйымдастырылған тазалық шарасына аудан тұрғындарымен бірге белгілі спортшылар да атсалысты. Әскери самбодан үш дүркін әлем чемпионы, үш дүркін әлем кубогының жеңімпазы және бразилиялық джиу-джитсудан екі дүркін Азия чемпионы Арман Оспанов жерлестерімен бірге табиғатты тазалау жұмыстарына қатысты. Тұрғындар Біркөлік аймағында 12 шақырым аумақты күл-қоқыстан тазартты. Демалыс аумағындағы өзен жағалаулары мен жол жиегі ретке келтірілді. Жиналғандар табиғатты аялау, экологиялық мәдениетті арттыру және халықты қоршаған ортаны қорғауға шақырды.
Арман Оспанов, әскери самбодан үш дүркін әлем чемпионы:
- Әрбір келген демалушымыз бар, соларға үндеу деп айтсам болады. Демалған кезде табиғатымызды аялау мақсатында, табиғатымызды сақтау мақсатында қоқысымызды шашпай, әрбір адам өзінің ауласын, көшесін тазалап отырса, біздің еліміз, табиғатымыз дамиды деген ойдамын.