Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзодамен, сондай-ақ тәжік ауыл шаруашылығы бизнесінің өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тараптар Қазақстаннан Тәжікстанға астық жеткізілімін өзара тиімді шарттармен ұлғайту перспективаларын, астық нарығы бойынша ақпарат алмасу мәселелерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің жолдарын талқылады.

Келіссөздердің басты тақырыбы — Қазақстаннан Тәжікстанға астық экспортын арттыру мәселесі болды.

Тәжікстан — дәстүрлі түрде Қазақстандық астық өнімдерінің негізгі өткізу нарықтарының бірі. Орта есеппен бұл елге жыл сайын шамамен 1 миллион тонна астық жеткізіледі.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ деректері бойынша, 2024 жылдың қорытындысында Тәжікстанға астық экспортының көлемі 1,3 миллион тоннаны құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға көп.

Ал 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы маусымға дейінгі аралықта жаңа өнімнен 1,2 миллион тонна астық экспортталған, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе артық (сол кезеңде — 823 мың тонна болған).

Айдарбек Сапаров экспортты кеңейту мәселелерінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растап, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Тәжікстанмен серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.