Павлодар облысындағы Жалаулы ауылында бой көтерген бес үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды 24KZ. Құрылысқа жауапты мердігер компания тұрғындардың шағымынан кейін осындай шешім қабылдады. Небәрі бір жарым айда салынып біткен нысандар кеуіп үлгермепті. Осының салдарынан қабырғаларының сылағы түсіп, едендері көгеріп кеткен . Үйлерінің ішін кептіру үшін тұрғындар бар дүние-мүлкін далаға шығарып, есік-терезелерін ашып тастаған.
Жалаулы ауылында бой көтерген бұл жаңа үйлер өткен жылы тасқын судан зардап шеккендерге арналып салынған болатын. Алайда су жаңа баспаналар тұрғындардың үмітін ақтамады. Күз түсе қабырғалары мен едендері ылғал тартып, көгеріп кеткен. Кейбір отбасылар қазір үйлерін тастап кетуге мәжбүр. Ал барар жері жоқ жандар сыз тартқан, көгерген баспаналарда күн кешіп отыр.
Сәуле Байманова келінімен төрт немересін қалаға жіберіпті. Өзі күн сайын ауа кептіргіш құрылғыны бөлмеден бөлмеге сүйреп жүреді. Бұл үйлер асығыс салынды. Оның үстіне былтыр жаз жаңбырлы болды. Сәуле Байманова ылғалдың көптігін содан көреді.
Еске сала кетсек, Жалаулы ауылын су басқанда 14 үйге зақым келген еді. Соның ішінде тұруға жарамсыз болып қалған бес үйдің біреуінде Сәуле апайдың отбасы тұрыпты. «Жаңа баспана алғанда қуанышымыз қойнымызға сыймады», – дейді ол. Қазір үйдегі бүкіл затын далаға шығарып тастаған. Көршілерінде де осындай жағдай. Бәрі жөндеу жұмыстары басталатын күнді күтіп отыр.
Сәуле Байманова, Жалаулы ауылының тұрғыны:
- Бірінші олар көріп тексеріп алды, содан кейін ертеңінде келіп, түгелін бұзды. «Біз бұзамыз, сосын қайтадан жаңартып, линолеум түгелін төсейміз», – деді. «Сосын бір 20 күндей кепсін», – деді. Күні-түні әйнекті ашып қоямыз, есік ашық жатады. Жел болса да, осылай жатамыз. Не істейміз? қайда барамыз?
Айта кету керек, бұл баспаналар демеушілердің қаражатына салынды. Ал құрылысты осы Ақтоғай ауданының тумасы, жергілікті кәсіпкер Александр Терентьевтің компаниясы жүргізді. Кәсіпкер жауапкершіліктен қашпайды. Кемшіліктерді жақын арада жоюға уәде берді.
Александр Терентьев, мердігер компания басшысы:
- Тұрғындармен кездесіп, бір мәмілеге келдік. Біздің бригада мүшелері еденге төселген ОСБ фанералар мен линолеумді алды. Үйлердің едені толық кепкеннен кейін жаңа материалдар төсейміз. Мен өз атымнан уақытша туындаған қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұраймын.
Шағын ауылда бой көтерген жаңа баспаналар заманауи стандарттарға сай келеді. Душ кабинасы орнатылып, техникалық су тартылыпты. Бөлмелері кең, жарық. Қаладағы үйлерден кем түспейді. Бұл орталықтан шалғай жатқан Жалаулы ауылында соңғы 30 жылда салынған алғашқы жаңа үйлер.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков