Қызылорда облысында көне Жанкент шаһары ашық аспан астындағы мұражайға айналмақ.
Жанкент қаласы 9-10 ғасырларда Сырдарияның бойында өркениет құрған Оғыз мемлекетінің астанасы болған. Қорғаннан табылған керамикалық ыдыстар, түрлі қолөнер бұйымдары мен темірден жасалған қарулар Жанкенттің сол дәуірде қуатты шаһар болғанын айқындайды. Сондай-ақ күміс теңгелер көп кездескен. Яғни Жанкент Ұлы Жібек жолында сауда-саттықтың орталығы болғанын көрсетеді дейді мамандар.
Сейдалы Біләлов, ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі:
Оғыз билеушілері Хорезмшах монеталарының бетінен қайта теңге соққан. Яғни өзінің билеушінің атын, билеген жылдары жазылған белгілері бар. Нуизматтардың зерттеулеріне енді ұсынамыз. Алдын ала қол жеткізген нәтижелеріміз осыны көрсетіп отыр.
Қазба жұмыстарын Қорқыт ата университеті мен Түркі академиясының ғалымдары бірлесіп жүргізген. Жанкенттен шыққан құнды мұралар әлі де зерттеуді қажет етеді. Сол арқылы түркі-оғыз мәдениетінің қалыптасу кезеңін нақты анықтауға болады дейді ғалымдар.
Шаһин Мұстафа, Түркі академиясының президенті:
Жанкент шаһары жай ғана археологиялық орын емес, ерте орта ғасырларда Ұлы жібек жолының бойындағы маңызды қала. Қазба жұмыстарынан алынған археологиялық олжалар Жанкентте орта ғасырларда дамыған қала құрылымы болғанын дәлелдейді. Қазба жұмыстары барысында табылған оғыз-қыпшақ мұрасы түркі әлемі мәдениетінің ортақ екендігін көрсетіп отыр.
Әділбек Серікұлы