Елдегі шағын және орта бизнестің жартысына жуығын әйелдер басқарады.
Заманның қиын кезінде де ауырдың асты, жеңілдің үстімен осы қыз-келіншектер жүрген еді. Үкімет те оларды қолдауға бейіл.
Мәселен, "Даму" қоры арқылы 105 жоба қаржыландырылған.
Кәсіптегі әйелдердің үлесі артты
Әйелдердің экономикаға толыққанды қатысуы арқылы әлемдік жалпы ішкі өнімді 28 трлн долларға дейін арттыруға болады. Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесі осындай. Оған қоса, қызметкерлер үшін бірдей жағдай жасайтын компаниялардың неғұрлым табысты болатыны расталды. Мұндай кәсіпорындар инвесторлар үшін де тартымды. Алайда БҰҰ-ның Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясы, Бейжің декларациясы қабылданғаннан бері, яғни 30 жыл ішінде әлемнің бірде-бір елі толық тең құқылыққа қол жеткізе алмағанын мәлімдеді. Демек, тиімді қолдау тетіктерін іздеудің маңызы зор. Осы орайда "ASMAR" Ұлттық әйелдер кәсіпкерлері қауымдастығының төрайымы Ләззат Рамазанова тең мүмкіндіктерді растайтын ұлттық сертификаттау стандарттарын енгізуді ұсынды. Мұндай құжаттар қазірдің өзінде халықаралық инвесторлар үшін маңызды критерий саналады. Ал бағдарламаның алғашқы нәтижелері Түркі мемлекеттері ұйымы елдеріндегі пилоттық жобалар арқылы көрсетіліп, бизнестің нарықтың жаңа талаптарына бейімделуіне және бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге септеседі.
ЖІӨ 42%-ын әйелдер басқаратын кәсіпорындар қамтып отыр. Бұл туралы Ләззат Рамазанова мәлімдеді. Оның айтуынша, шағын және орта бизнестің жартысын әйелдер ашқан. Осылайша аталған сектордағы жұмыс орындарының 31%-ын қамтамасыз етіп отыр. UMAI қорының президенті Жамиля Ерназарова Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына әйелдер қауымы ықпал етіп отырғанын айтады. Олар жеке брендті қалыптастырып қоймай, отбасы мен мансап арасындағы тепе-теңдікті, ішкі құндылықтар мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге күш салады. Елеулі бөлігі бастапқы капиталды көп қажет етпейтін қызмет көрсету саласында және қарапайым заттар экономикасында кәсібін дөңгелетіп жүр.
Жамиля Эрназарова, Ұмай қорының негізін қалаушы:
- Қазақстандық әйелдердің әлеуеті зор. Бизнес болуы міндетті емес. Кез келген жобаны дамытуға мүмкіндік бар. Қолөнермен айналысса да, жеке қор ашса да, қоғамға пайдалы болатыны сөзсіз. Ең бастысы өз күшіне сену керек. Біз әр әйелге осыны айтамыз. Ортақ чатымызда кеңес береміз. Әйелдер арасында бәсеке жоқ. Біз әрқашан бір-бірімізді қолдауға дайынбыз.
Кәсіп бастауға қолдау бар
Бизнесті қолдау үшін берілген микро кредиттердің 60%-дан астамын әйел кәсіпкерлер алған. Кейінгі үш жылда шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 40%-ға артты. (лэд) Басым бөлігі тігіншілік сияқты қызмет көрсету бағытын таңдаған. Бұдан кейін сауда, білім беру және ауыл шаруашылығы салаларында тер төгіп жүр. Әрине кәсіп бастау оңай емес. Осы орайда, бизнес әліппесі болар жобалар жемісін беріп жатыр. Қаржылай қолдауға дағдыланған ұйымдар да жеткілікті. Алайда, көбі ірі қалаларда шоғырланған. Бұл ауылдағы кәсіптің ақсауына себеп болғаны рас. Десе де, әйел кәсіпкерлер трендтен қалмауға тырысады. Дәл қазір сұраныс артып тұрған сұлулық, денсаулық, психология сынды салаларда білім алып, көпшілікке ұсынып жүр. Әйелдер бизнесін қолдауда "Даму" қорының да үлесі зор. Олар бүгінге дейін 4,1 млрд теңге бөліп, 105 мың жобаның жүзеге асуына септесті.
Кәсіптегі әйелдер немен айналысады?
• Қызмет көрсету – 35%;
• Бөлшек сауда – 28%;
• Білім беру – 15%;
• Ауыл шаруашылығы – 12%;
• Креативті индустрия – 10%