Алматыда «TigerFilms» продюсерлік компаниясы кезекті отандық фильмді таныстырды. «Арал. Ұмытылмас саяхат» атты шытырман оқиғалы комедиясы бүгіннен бастап кинотеатрларда көрсетіледі. «Туынды қоғам дертіне айналған жемқорлық мәселесін қалжыңмен астарлап, ащы ақиқатты жеткізеді. Көрерменді күлдіре отырып, терең ойландырады», — дейді шығармашылық топ.
Отандық фильмнің премьерасына орай көңілді ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Куликовский кондитерлік үйі келушілерге 120 метрлік, 46 келі болатын алып торт ұсынды. Кинокомедия режиссёрінің сөзінше, жаңа туынды талғампаз көрерменнің көңілінен шығады.
Мерей Маханов, режиссёр:
Біріншіден, оқиға желісі өте қызық. Екіншіден, біздің актёрлеріміз мықты. Үшіншіден, табиғаты, экраннан көретін экзотика керемет.
Фильмнің сюжеті бойынша құрылыс компаниясының бұрынғы басшысы мемлекеттің қыруар қаржысын жымқырып, оны жас та талапты Жомарттың мойнына іледі. Алайда қайсар жігіт Таиландқа тайып тұрған жемқорды іздеп тауып, өзінің кінәсіздігін дәлелдегісі келеді. Улы жыландар, қауіпті жәндіктер мен қарақшылардың қақпанына түсу, басты кейіпкерге осы кедергілердің бәрін еңсеруге тура келеді.
Сафуан Рысбайұлы, актёр:
Тура осы қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайларды, оның ішінде халықтың ақшасын, отанның қазынасын талан-таражға салып жатқан, руханияттан жұрдай, елін, жұртын, отанын ойламайтын рухсыз адамдарды меңзейді. Бұл жерде ащы шындық бар.
«Арал. Ұмытылмас саяхат» комедиясы ару Алматы шаһарымен қатар Таиландтың әсем табиғатымен танылған Самуи аралында түсірілді.
Мәдина Оспан, актриса:
Өзге елде түсіргеннен кейін, әрине, қиындықтар көп болады. Климаттан бастап, арал болғаннан кейін, жылан мен шаяндардың арасында түсірдік. Бір айтар ойы бар болғаннан кейін, әр туынды өз көрерменін табады ғой. Біздің де кино өз көрерменін табады деген ойдамын.
Отандық комедияны бүгіннен бастап «Кинопарк» және «Киноплекс» кинотеатрлар желісінен көруге болады.
Жазира Оразқызы