Ташкент облысына қарасты Шыршық қаласының қазақ мектептері арасында өнер сайысы өтті.
Шараның мақсаты ағайынның басын қосып, жастарды ұлттық салт дәстүрге баулу. Өнер додасында оқушылар ән айтып, би биледі. Ұлы Абайдың өлеңдерін оқып, домбырамен күй шертті.
Шыршық қаласында 25 мыңға жуық қазақ бар. Қаракөздер оқитын 5 мектептің арасында жыл сайын өнер сайысын өткізу дәстүрге айналған. Қазақ ұлттық-мәдени орталығы талантты жастарды іріктеп, олардың республикалық конкурстарға қатысуына жол ашады.
Жақсылық Жорықбаев, Шыршық қаласындағы Қазақ ұлттық- мәдени орталығының төрағасы:
- Қазақ мектептеріне қазақша оқулықтар, әдеби кітаптар тапсырып жатырмыз. Бұлардың бәрі өскелең ұрпаққа соларды оқып, Абай атамыз сияқты ойшылдардың нақыл сөздерін жаттап өсуде. Мектеп өз алдына тәрбиелесе, қазақ мәдени орталығы қазақша үрдістерді үйретеді.
Биылғы сайыстың мазмұны қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды. Оқушылар кемеңгер тұлғаның өлеңдерін оқып, қара сөздерін жатқа айтты.
Ақерке Сұлтанова, оқушы:
- Біздің мектепте жиі осындай кештер болады. Мен оған белсенді қатысамын. Би билеймін, ән айтамын.
Қазақ мектептері арасындағы сайыс, бұл кім мықтыны анықтау ғана емес. Қаракөздердің бір-бірімен жақынырақ арасаласуына жағдай жасап, бауырмалдық қасиетті арттыруға негізделген. — дейді ұйымдастырушылар.
Сәуле Сәрсенбаева, мектеп директорының орынбасары:
- Қазақ мектептердегі оқушыларымыз бір-бірімен аралассын, достықта, сыйластықта болсын деген ниетте жасадық. Осындай шараларды жиі өткізіп тұрамыз.
Сайыс қортындысы бойынша өнерімен көзге түсіп, топ жарғандар мақтау қағаздарымен марапатталды. Сондай-ақ шараны ұйымдастыруға атсалысқан мектеп ұжымдары да көптің қошеметіне бөленді.