Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде инклюзивті білім беруді енгізу бойынша ауқымды шаралар қолға алынуда.
Осы орайда Финляндия мектептерінде аталмыш салаға бағытталған бірқатар жобалар сәтті жүзеге асып келеді. Бұл ел дәл осы салада әлемдік көшбасшылардың бірі. Ал Жапонияда мүмкіндігі шектеулі оқушыларға робот-аватарлар көмектеседі. Әлем елдеріндегі инклюзивті білім беру ерекшеліктері туралы алдағы топтамадан білейік.
Финляндия білім беру сапасы жоғары, инклюзивті оқытуды жүйелі түрде енгізген жетекші елдердің бірі. Мемлекет әр балаға тең және сапалы білім алу мүмкіндігін ұсынады. Мектептерде инклюзивті білім беруге бейімделген мамандар жұмыс істейді. Оқушыларға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, олар тегін ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Мүмкіндігі шектеулі оқушыларға қажетті техникалық жабдықтар мен жеке сүйемелдеу қызметі ұсынылады.
Канадада 2008 жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру бағдарламасы іске асып келеді. Мұндай мектептер мемлекеттік бюджет және жеке қайырымдылық қорлар есебінен қаржыландырылады. Сонымен қатар елдегі инклюзивті білім беру жүйесі ерекше қажеттіліктері бар балалармен бірге түрлі этникалық, мәдени және тілдік ортадан шыққан барлық оқушыларды қамтиды.
Жапонияда инклюзивті білім беруді дамыту бағытында заманауи цифрлық технологиялар белсенді түрде қолданылуда. Мектептерде роботтар мен арнайы қосымшалар ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік өзара әрекеттесуіне және оқу үдерісіне қатысуына жағдай жасайды. Егер бала белгілі бір себептермен мектепке бара алмаса, ол білім алуды арнайы робот-аватар арқылы үйінде жалғастыра алады. Құрылғы камерамен, микрофонмен және дыбыс динамиктерімен жабдықталған. Осылайша бала онлайн режимде мұғалімдермен және сыныптастарымен байланыс орнатып, оқу процесінен шет қалмайды.
Динара Орынтай