Қазақ руханиятының інжу-маржаны түркі әлеміне кеңінен танылып келеді.
Анкарадағы Ақтаудың мәдени күндері аясында тағы бір қазақ ғалымының еңбегі түрік оқырманға жол тартты. «Қазақ мифологиясы» атты жаңа ғылымның іргетасын қалаған Серікбол Қондыбайдың еңбегі Президенттік кітапханада таныстырылды.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Анкарадағы Президенттік Ұлттық кітапхана қазақтың көрнекті ғалымы, мифолог Серікбол Қондыбайдың түрік тілінде жарық көрген төрт томдық «Арғықазақ мифологиясы» кітабымен толықты. Бұл қазақтың бай рухани мұрасын, соның ішінде арғықазақ мифологиясын халықаралық деңгейде танытатын туынды. Сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени және ғылыми байланыстың жаңа кезеңін айқындай түсетіні сөзсіз.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Түркия мен Қазақстанның зиялы қауым өкілдері және Маңғыстау өңірінен келген делегация қатысты. Ал еңбекті түрік тіліне аударуға Түрксой ұйымы атсалысты.
Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:
- «ТҮРКСОЙ» Серікбол Қондыбайдың кітабын түрік тіліне аударып, түрік оқырмандарына тарту етті. Бұл туындының айтары мол. Түсіне білгенге еңбектің сакралды философиясы терең, түпкі мәні зор. Бұл кітап түрік жұртының сүйікті оқулығына айналады деп сенемін.
Серікбол Қондыбай аз ғұмырында артына өшпес мұра қалдырды. Көзі тірісінде 20-ға жуық еңбегі оқырманға жетті. Олардың біразы орыс және ағылшын тіліне аударылған. Өмірден өткен соң тағы он шақты еңбегі жарық көрді. Бұл іске ғалымның туған әпкесі Балсұлу Әділбекқызы белсене атсалысты.
Балсұлу Әділбекқызы, С.Қондыбайдың әпкесі:
- Алғашқы шыққан екінші кітабы «Қазақ мифологиясына кіріспе». Сол кіріспеден бастап қойды да, 2000 жылдан бастап таза мифология тақырыбына отырды. Осы жылдары кіріспеден кейін «Гиперборея: Түс көрген заман» деген 500 беттік кітабы шықты. Одан кейін «Арғықазақ мифологиясы» деген 4 томдық кітапты жазды. Негізгі өзінің өмірі жетсе, жоспарында 8 том болатын.
Қазіргі уақытта Серікбол Қондыбайдың еңбегі түркі мәдениеті мен руханиятын зерттеуге жаңа мүмкіндік ашты. Сол себепті ғалымның шығармашылығын зерттеп-зерделеу әлі де жалғасады, дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары.
Тілеген Әбішев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
- 16 томдық шығармалар жинағы шығарылып, 8 кітабы орыс тіліне, 5 кітабы ағылшын тіліне, 4 кітабы түрік тіліне аударылды. Серікбол Қондыбайдың 4 томдық «Арғықазақ мифологиясы» тұтас түркі кіндікті дүниетаным негізінде таразыға түсер салмақты ой, салиқалы пікірлер, толымды тұжырымдар, зерделі зерттеулердің дүниеге келуіне көшпелі өркениеті мен руханиятты қайта түлетуге мүмкіндік береді деп сенемін.
Арғықазақ аңызынан бастау алған Серікбол Қондыбай мұрасы бауырлас ел төрінде жаңаша түрленіп, түркі дүниесін ортақ тарих пен танымда тоғыстырды. Енді оның шығармасын әзербайжан тіліне тәржімалау жоспарда бар.
Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков