Маңғыстау облысының Қарақия ауданында жол-көлік апатынан 10 адам көз жұмды, деп хабарлайды 24kz.
Алдын ала мәліметтер бойынша Toyota Hiace маркалы автокөліктің жүргізушісі рөльге ие бола алмай, салдарынан минивэн жол шетіне аударылып кеткен. Жол апаты салдарынан 8 адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі адам ауруханаға жеткізу кезінде қайтыс болды. Ал жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта өткен жөн, көлікте болған барлық жолаушы Бекет Ата мешітіне бағыт ұстап, тәу етуге бара жатқан. Қайтыс болғандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіледі. Осыған байланысты шұғыл штаб құрылды.
Еркін Елеусізов, Маңғыстау облысы Қарақия ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары:
- Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін және жолаушыларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жол ережесінің болмашы бұзылуы да орны толмас қайғы салдарына әкеліп соғуы мүмкін.