Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдеріне 2026 жылдың ортасына дейін мемлекетке қайтарылған жердің бәрін тұрақты айналымға енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Президенттің айтуынша, жер – стратегиялық ресурс, оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы тиіс.

«Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауы тиіс. Жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек. 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ әкімдер соның 6 млн гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қаджет. Бұл анық нәрсе. Сондықтан әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек», — деді Тоқаев Жолдауында.

Оның пікірінше, бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс.

Сонымен қатар президент жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жоюды тапсырды.

«Ол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Осыған орай жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуы қажет», — деді мемлекет басшысы.