Мәскеуде «Спасская башня» XVII халықаралық әскери-музыкалық фестивалі басталды.

Іс-шараға алыс-жақын шет елдерден 25 ұжым қатысып жатыр. Олардың арасында еліміздің Орталық әскери оркестрі, Қорғаныс министрлігінің Құрметті қарауылы және Орталық ансамбльдің фольклорлы-этнографиялық оркестрі мен бишілер тобынан құралған қазақстандық делегация бар.

Қазақстан қарулы күштерінің шығармашылық ұжымдары фестиваль аясында алғашқы концертін Халық шаруашылығы көрмесі алаңында өткізді. Әскерилер көрерменге әсерлі бағдарлама ұсынды. Байқаудың басты тақырыбы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы болғандықтан Әлия Молдағұлованың құрметіне ән шырқалды. Даңқты композитор Нұрғиса Тлендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай сазгердің шығармаларынан попурри орындалды.

Олжас Аманбаев, концертмейстер:

- Ұлттық аспаптарымыз бен биімізді көрсетіп, жаңа бағдарламамен шықтық. Фестивальде әр күн сайын түрлі туындылар орындаймыз. Көрермен алдында бар өнерімізді саламыз.

Байдильхан Нұрсұлтан, музыкант:

- Өзім музыкант болған соң осындай фестивальге қатысып жатқаныма қуаныштымын. Мен үшін бұл үлкен мәртебе әрі тәжірибе.

Өнерпаздарымыз заманауи туындылармен шектелмей, халық әндерін де орындады. Орталық әскери оркестрінің ұлттық нақыштағы әуендері мәскеуліктерді ерекше тәнті етті.

БЛИЦ

- Қызығып тамашаладым, костюмдері өте әдемі екен. Өзім де осындай концерттерде өнер көрсеткім келеді.

- Ұлттық әндерімізді естіп, керемет әсер алдық. Ерекше сезімге бөледі.

Мәскеудегі фестиваль 31 тамызға дейін жалғасады. Қорытынды концерт Қызыл алаңда өтеді. Ол жерде әлемнің әр түкпірінен келген 1500-ден астам қатысушы өнер көрсетеді.

Әйгерім Ардаққызы, Дана Нұржан, Шахзод Гамиров