Қандыағаш қаласының көшелерінде жұмыс қызды, деп хабарлайды 24kz.

Әкімдік биыл 7 көшеге асфальт төсеуді қолға алған еді. Бұлардың арасында біраз жылдан бері жөндеу көрмеген жолдар бар. Көшелерді жаңғыртуға республикалық және аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген.

Жүргізушілер Ереван Баймұхамбетов атындағы көшені айналып өтуге тырысады. Себебі, әбден тозған, жолда жүру қиын. Әсіресе, Жеңіс даңғылымен қиылысатын тұсы қирап жатыр.

Талғат Қойшекенов, қала тұрғыны:

- Бұл Баймұхамбетов көшесі, Жеңіс даңғылы қаламыздағы халықтың көп жүретін көшелерінің бірі. Және осы көшелермен қалаішілік маршруттар қатынайды, жолаушылар тасымалдайды. Негізгі қажетті көшелердің бірі. 15 жылдан астау уақыт бұрын орташа жөндеу жүргізілгенді. Осы жол жөнделгеннен кейін жақсы қарым-қатынас болады деген үміт бар.

Күрделі жөндеу екі ай бұрын басталды. 800 метр көшеге қалыңдығы 11 см асфальт төселеді. Қазір жол табаны нығайтылып жатыр. Жерасты сулары жақын болғандықтан қосымша топырақ тасуға тура келген.

Арман Мырзағалиев, мердігер компания директорының орынбасары:

- Тереңдігін бір метрге жақын қазып, өзіміздің күшімізбен, орнына жаңадан грунт әкеліп төсеп жатырмыз. Бұл жердің өзінің қиындығы көп екен. Ойнап кететін глина. Соны жобада қарастырылмаған, бірақ өз күшімізбен алып тастап, соны қолға алып жатырмыз. Кепілдік мерзімі үш жыл. Бірақ енді халық үшін істейтін болғасын үш жылға емес, он жылға дейін жететіндей етіп салуға тырысып жатырмыз.

Жалпы аудан орталығында 100 шақырымнан астам жол болса, олардың 43 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Биыл облыста жол жөндеуге қатысты 21 жоба жүзеге асып жатыр. Тозығы жеткен 7 көшенің жолы толық жаңғыртылады.

Дархан Ермағамбетов, аудан әкімі:

- Жалпы 3,8 млрд теңге қарастырылған болатын. Оның 2,4 млрд биылға бөлініп, сол жұмыстар толық басталып кеткен болатын. Ембі қаласында да біз екі көшені асфальттауға биыл жұмыстанып жатырмыз. Аяқтауымыз қажет.

Қандыағаш қаласында 50 көше боса, жартысынан көбін жөндеу керек. Қазір аудан басшылығы тиісті жобалық-сметалық құжатты әзірлеп, қажетті қаржының бөлінуін күтіп отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов