Қыс та таяп келеді. Шаруалар қолдағы малына қысқы азығын қамдап жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Ел көлемінде 20 млн тоннадан астам жем-шөп жиналды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 18 млн тоннаға жуық шөп және 1 млн 200 мың тонна пішен дайын тұр. Бұдан бөлек, 422 мың тонна жем, 1 млн тоннадан астам сабан мен 190 мың тоннадан аса сүрлем дайындалды. Қазір аймақтардың басым бөлігі қысқа дайын. «Жиналған жем-шөп қыстан шығуға жеткілікті», - дейді министрліктегілер.

Ал жаппай орақ науқаны тамыздың соңына таман басталуға тиіс. Биыл егіс алқабы 23 млн гектардан асады. Оның ішінде 16 млн гектары дәнді және бұршақ дақылдары.

Айта кетерлігі, шілденің аяғында 880 мың гектар алқаптағы күздік бидай орылған еді. Осы уақытқа дейін барлығы 1,2 млн тонна астық бастырылды.