Батысқазақстандық диқандар егін шаруашылығын әртараптандыруға мықтап ден қойды, деп хабарлайды 24kz.
Былтыр майлы дақылдар алқабы 102 мың гектар болса, биыл бұл көрсеткіш 137 мың гектарға жеткен. Бұршақты дақылдар көлемі 2 мың гектардан 22 мың гектарға өсті. Ал жалпы өңір шаруалары осы көктемде 638 мың гектар жерге тұқым сеуіпті. Қазір астықты алқаптардың 45%-і орылып, қамбаға құйылған.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Дәл қазір астықты алқаптарда қарбалас шақ басталды. Өңір диқандары бітік шыққан егінді жауын-шашынға ұрындырмай, ысырапсыз жинап алудың қамымен шапқылап жүр. Күні бүгін күздік бидай мен арпа орылып болды, енді ақ бидайға орақ түсті.
Күздік бидайдың әр гектарынан облыс шаруалары 19,4 центнерден өнім жинаса, арпаның өнімділігі 11,3 центнер болған. Ерте көктемнен бері күннің қас-қабағын бағып, егіс алқабын мал-құстан қызғыштай қорып, енді қазір мол өнімді қамбаға құйып, көңіл демдегеннің бірі – сырымдық Қайрат Меңдіғалиев. Ол дәнді дақылдан бидай мен арпа, майлы дақылдан мақсары және мал азығына судан шөбін егіпті.
Қайрат Меңдіғалиев, шаруа қожалық жетекшісі:
- Қайсысын да егу керек. Кейде сафлор өтеді, кейде бидай өтеді, кейде арпа өтеді. Бізге сол өтетіні керек қой, сұраныс қай жағынан болады. Сол себептен әртүрлі дәнді дақылдар егу керек. Әлемде не сұраныс, соны егу керек. Биыл енді бидайдың бәрібір бағасы болмай тұр. Қазір беріп тұрған бағасы 5 класс дейді, 3 класс нақты бағасын білмеймін, 5 класқа 75-80 мың беріп тұр. Біздің есеппен құнсыздау.
Жалпы соңғы жылдары бағасы төмен болуы себепті аймақтағы бидай алқаптары азайып келеді. Есесіне майлы және малазықтық дақылдар ауданы өскен. Мәселен, былтыр 102 мың гектарға майлы дақыл егілсе, биыл 137 мыңға жеткен. Бұршақ дақылдары да 2 мың гектардан 22 мыңға ұлғайған. Малазықтық дақылдар да басты назарда.
Қайрат Меңдіғалиев, шаруа қожалық жетекшісі:
- Судан шөбі өте жақсы, құнарлы. Бұл мал азығына жақсы өнім береді. Біздер житняк дейміз ғой. Ол жақсы шөп. Әрі кеткенде 10 центнер береді. Біздерде судан шөбі жақсы шыққан жылы 30-дан, 40-тан аласың. Өнімді 3-4 есе көп аласың. Сол себепті судан шөбіне көңіл бөлу керек. Одан өнім аласың. Даладағы шөпті кісілер шабады, шығын көп, пайда аз болады.
Несібесін жерден терген диқандарға мемлекеттік қолдау да аз емес. Тұқым мен тыңайтқышты және зиянкестермен күреске керекті пестицидті субсидиялауға 1,9 млрд теңге бөлінген. Арзандатылған дизельді отын да бөлінген.
Кеңес Қайдашев, БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- 11,8 мың тонна арзандатылған дизельді отын бөлінді, 242 теңгеден. Көктемгі-далалық жұмыстарға және егін ору науқанына «Аграрлық несие корпорациясы» «Ақжайық» ӘКК арқылы 5% кредит беруде, 21,4 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күнге 10,4 млрд шаруашылықтарға берілді 5%-пен. Өтінім қабылдау жалғасуда.
Биыл көктемде облыс диқандары 638 мың гектар алқапқа егін ексе, соның 289 мың гектары дәнді дақылдар. Күні бүгін астықты алқаптардың 45% орылды.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап