Таразда Үшбұлақ каналы арнасынан асып, қала орталығындағы 30 үйдің ауласын су басып қалды. Тізеге дейін жеткен тасқыннан қорғанған тұрғындар түнімен көз ілмеген, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Оқыс оқиғадан кейін кейбір үйдің іргетасы үгітіліп, қабырғаларына зақым келген. Әкімдік бұл жағдайға "Зербұлақ" көліндегі шлюздің ашылып кетуі себеп дейді. Олардың айтуынша, белгісіз біреулер су байламасын ашып, қашып кеткен. Екпінді су "Үшбұлақ" каналынан асып, қала аумағына жайылған. Бұл оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылды. Ал полиция департаменті шлюзді ашып, заңсыз әрекетке барған адамды іздестіріп жатыр.
"Барлық үйдегі су деңгейі түсіп, 12 техника 25 адамнан жұмыс атқарды. Қазір қауіп төмендеді. Су сейілді. Үйлерді судан тазарттық. Қазір еш қауіп жоқ", — дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!